Кеңес ал!
Сәрсенбай Гүлмира Сырлыбекқызы өмірі табандылық, өзіне деген сенім және өз ісіне деген сүйіспеншілікпен өрілген жол. Бизнес «Ақшын» базарындағы сауда контейнерінен басталды. Қаптаған халық пен тынымсыз қозғалыстың ортасында ол маталарды өзі таңдап, әрбір бөлшекке мән беріп, күн сайын клиенттердің сеніміне кірді. Жалға алынған орын, шектеулі мүмкіндік, бірақ шексіз ұмтылыс болашақ табыстың іргетасын қалады. Жылдар бойғы еңбек шағын сауда нүктесін танымал орынға айналдырды. Мұнда адамдар тек мата үшін емес, сапа мен ықылас үшін келетін болды. Сол кезде жаңа арман пайда болды — тек сату емес, өзі өнім жасау. «Abzal home textile» атты тігін цехын ашу туралы батыл шешім осылай үлкен бетбұрысқа айналды. Кәсіп біртіндеп дамыды.
Гүлмира Сырлыбекқызы адамдардың қажеттіліктеріндегі өзгерістерді дәл сезіне білді. Үйдегі жайлылық, сұлулық пен даралыққа деген ұмтылыс тренд қана емес, өмір салтына айналғанын түсінді. Ол нарықты зерттеп, тұтынушылардың талғамын анықтап, сенімді жеткізушілерді тауып, үй текстилін өндіруді жолға қойды.
Бүгінде оның ісі — жай ғана дүкен емес, маталар мен шығармашылықтың тұтас әлемі. Мұнда жұмсақ жастықтар, жылы түйе жүнінен жасалған көрпелер, әсем үй текстилі және ұлттық нақыштағы киімдер дүниеге келеді. Әрбір өнімде дәстүр мен заманауи стильдің үйлесімі сезіледі. Кәсіпкер әлеуметтік желілерде белсенді, жаңа өнімдерімен бөлісіп, әр клиенттің пікірін тыңдайды және жоғары бағалайды. Тұтынушылардың шынайы алғысы — оның еңбегінің басты нәтижесі.
Кепілдік қоры – 1 ұсынған 91 млн теңге көлеміндегі кепілдік және Банк ЦентрКредит арқылы қаржыландыру нәтижесінде компания өз қызметін кеңейтуге мүмкіндік алды. Маталар мен текстиль өнімдерін өңдеу бағыты дамытылып, ғимаратқа ауқымды қайта жаңғырту жүргізілді: аумағы 822 шаршы метрден 1400 шаршы метрге дейін ұлғайды.
Кеңістікпен бірге мүмкіндіктер де артты — ұжым 9 адамнан 20 қызметкерге дейін өсті. Әрқайсысы ортақ мақсатпен бірігіп, үлкен істің бір бөлшегіне айналды. Алайда бұл — соңғы шегі емес. Алда жаңа белестер бар: перде тігу бағытын дамыту, әр клиентке жеке «кілтпен тапсыру» қызметін ұсыну. Мұнда әрбір бөлшек тапсырыс берушінің талғамы мен арманын бейнелейтін болады.
Бүгінде Гүлмира Сырлыбекқызы Абай облысы бойынша Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі. Бұл оның елдегі кәсіпкер әйелдер қауымдастығындағы белсенділігін және қоғам дамуына қосқан үлесін айқындайды.
«Сәрсенбай Гүлмира Сырлыбекқызы» ЖК
Байланыс телефоны: +7 707 882 81 15
Мекенжайы: РК, Абай облысы, Семей қаласы, Телман көш, 158
Инстаграмм: @abzal_textiles