Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Парламенттік тыңдауға дайындық барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басшылығымен кездесіп, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау мәселелерін талқылады.
Комитет төрағасы Дәурен Әділбеков атап өткендей, «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және басқа да бағдарламалар аясында қаржылық қолдауды жүзеге асыра отырып, қадағалайтын қаржы агенті.
Сенатордың айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы 2025 жылға дейін шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бірқатар мақсатты индикаторларды қамтиды. Мысалы, оның ішінде ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесін кем дегенде 33,8% дейін жеткізу бар.
«Даму» қорының басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева бүгінгі күнге дейін Қор барлық қаржылық бағдарламалар бойынша 5,9 триллион несиеге 95 мың жобаны қолдағанын атап өтті. Биылғы жылы кәсіпкерлердің белсенділігі басым болып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кепілдендірілген 10,1 мың несиеге қолдау көрсетіліп, 67,6 мың жеңілдетілген несие берілді. Қор басшысы өнеркәсіп салалары бойынша өңдеуші өнеркәсіп несие көлемі жағынан басым екенін, ал егер қарыз алушылар санын алатын болсақ, ең үлкен өсім сауда мен ауыл шаруашылығында байқалатынын айтты.
Биыл Қор пандемия кезінде зардап шеккен кәсіпорындарды қолдау бойынша бірқатар іс-шаралар өткізді. Бұдан басқа, қамтуды кеңейту үшін Қор ШОБ қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізді – бұл исламдық қаржыландыру және "жасыл облигацияларды" орналастыру арқылы жасыл жобаларды қолдау. Қордың барлық бизнес-процестері 94% - ға автоматтандырылған және карантин кезеңінде өтінімдер мен консультациялар онлайн режимде өткізілді.
Сенаторлар шағын және орта бизнестің дамуына кедергі болатын факторлар мен тәуекелдерге қатысты бірқатар мәселелерге назар аударды. Кездесу барысында қатысушылар осы мәселелерге қатысты ұсыныстар енгізді. Парламенттік тыңдау нәтижелері бойынша шағын және орта бизнесті дамыту үшін Үкімет, мүдделі мемлекеттік органдар және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына бірқатар ұсыныстар әзірленетін болды.
Сенат сайтына сілтеме: http://senate.parlam.kz/ru-RU/news/details/3715