Кеңес ал!

24.04.2026

 

 

Мемлекет басшысының іскери белсенділікті ынталандыру және шағын бизнесті қолдауға бірыңғай әрі жүйелі тәсіл қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) «Іскер аймақ» бағдарламасын іске қосты.

Бірыңғай бағдарлама пайыздық мөлшерлемені субсидиялау есебінен микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы кәсіпкерлерді жеңіл несиемен қамтуды көздейді. Өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, тамақ өнімдері, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру, сондай-ақ қолөнерді қоса алғанда, экономиканың басым секторында жұмыс істейтін кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі.

«Бағдарлама аясында әкімдіктер мен «Атамекен» ҰКП әр өңірдің өзіне тән салалары мен ерекшелігін ескере отырып, басымдық берілетін секторларды айқындауға белсенді қатысады. Қолдау шын мәнінде қажетті салаларға жету үшін әр аудан жергілікті экономика әлеуетін ескере отырып, қосымша 6 бағыт таңдай алады. «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылар үшін жеке басымдық көзделген. Сондай-ақ, қаражатты бөлудің екі деңгейлі жүйесі енгізілді: бюджеттің 30%-ы қолдау аса қажет өңір - Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарына, қалған 70%-ы Астана мен Алматы қаласынан басқа облыстарға бөлінеді. 2028 жыл соңына дейін бағдарлама аясында 1,2 трлн теңге несие бөлу көзделген. Бұл жыл сайын 5 мыңға жуық жобаны қолдауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті «Даму» Қорының Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев.

Бағдарлама аясында алғашқы жоба мақұлданды. Субсидияның арқасында несие мөлшерлемесі 22%-дан 13,2%-ға дейін төмендетілді.

Қаржы алғандар арасында – «Everest Industry» ЖШС бар. Компания Алматы облысында айына 1000 жұпқа дейін аяқ киім өндіреді. Бүкіл ел бойынша мемлекеттік тапсырыс берушілермен ынтымақтасады. Қаражат өндірісті кеңейтуге, сондай-ақ арнайы аяқ киім шығару көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір мұнда 20-ға жуық адам жұмыс істейді, кейін тағы да жаңа жұмыс орындары ашылады.

Азық-түлік өнеркәсібі сегментінде өскемендік «EcoFood KZ» ЖШС-ның экспортқа бағдарланған жобасы қолдау алды. Компания «Злато» брендімен жылына 2700 тоннаға дейін күнбағыс майын өндіреді және Қытайды қоса алғанда, сыртқы нарыққа да жеткізеді. Қаржыны құю желісін сатып алуға және өндірісті одан әрі кеңейтуге жұмсады.

Сондай-ақ, бағдарламаны шымкенттік жеке кәсіпкер Өтегенов Сағындық та пайдаланды. Ол металл тор және құрылыс болат конструкциялары өндірісін дамытып жатыр. Өнімге Шымкент пен Түркістан облысының құрылыс компаниялары тапсырыс береді. Бұл – тұрақты сұраныс қалыптастырады және өнімді басқа өңірлерден немесе шетелден тасымай-ақ жергілікті өндіріс арқылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік бағдарламаға қатысу өндіріс көлемі мен кірісті ұлғайтуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Субсидиялау шарттары:

  • максимал қаржы - 200 млн теңгеге дейін;
  • мақсаты – инвестиция мен айналым қаражатын толықтыруға;
  • мөлшерлеме – ҚР ҰБ базалық мөлшерлемесіне + 4%;

·       субсидия мөлшері – номинал мөлшерлеменің 40%, борышкер үшін 12,6% кем емес;

  • субсидия мерзімі - 3 жылға дейін.

 

Бағдарламаға қатысу және субсидия алу үшін әріптес қаржы ұйымдарына жүгіну қажет. Қазір Қор 6 банк және 4 лизингтік компаниямен шарт жасасты. Олар:

• «Қазақстан Халық Банкі» АҚ,

• «Банк Центркредит» АҚ,

• «ForteBank» АҚ,

• «Нұрбанк» АҚ,

• «Еуразиялық банк» АҚ

«Казахстан-Зираат Интернешнл Банк» АҚ (KZI Bank),

• «Merz Leasing Machinery» ЖШС,

• «QZQ Finance» ЖШС,

• «Нур Лизинг» ЖШС,

• «BCC Leasing» ЖШС.

Бұл тізім одан әрі жаңарып тұрады. 

Қаржылай қолдауға қоса, инфрақұрылым жағынан қолдау көрсетілетіні де зор көмек. Мысалы, бағдарлама аясында жалдауға жеңілдік жасалып, сол сала бойынша тегін оқу да қарастыралған. Бұл – қолдау қажет кәсіпкерді қамтып, бастапқы шығындарды азайтып, жобаны жылдам бастауға мүмкіндік береді. Онлайн-оқуға Қордың damu.kz. сайтында тіркелуге болса, шалғай аудандар үшін жергілікті жерлерде кеңес беретін және өтінім қабылдайтын мобильді фронт-офистерді іске қосу жоспарлануда.

Бағдарлама жайлы қосымша ақпаратты damu.kz сайтынан, сондай-ақ 1408 байланыс орталығынан алуға болады.