Кеңес ал!
Манас Асаиновтың тарихы — бұл мақсатқа ұмтылудың, табандылықтың және өз ісін жүйелі түрде дамытудың жарқын үлгісі.
Манас Асаинов кәсіпкерлік қызметін 2004 жылы Жезқазған қаласынан Астанаға қоныс аударғаннан кейін бастады. Алғашқы қадамы қарапайым болды — құрылыс базарындағы жалға алынған контейнерде сауда жасаудан бастады. Тауарлар жеткізушілерден консигнация шарты негізінде жеткізілетін. Уақыт өте келе ол сауда саласын дамытып, клиенттік базасын қалыптастырып, кейіннен жеке өндірісін жолға қойды.
2006 жылы кәсіпкер банктік қаржыландыру тартып, қаражатты Қытайдан пескоблок өндіруге арналған үш станок сатып алуға бағыттады. 2008 жылы Жезқазған қаласында өндіріс жүргізуге арналған көлемі 1,5 гектар болатын жеке база сатып алынды. Өндірісті дамыту барысында кәсіпорын 2010 жылдан бастап өнім түрлерін кеңейтіп, газоблок шығаруды қолға алды. 2013 жылы алғашқы құрылыс дүкені ашылып, 2018 жылы дәл осындай нысан Сәтбаев қаласында өз жұмысын бастады.
Егер алғашқы кезде Манас Асаиновпен бірге тек бір сатушы мен бір жүк тасушы ғана жұмыс істесе, бүгінде оның кәсіпорындары 80 адамды жұмыспен қамтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр.
Табысқа жету жолы оңай болған жоқ. Кәсіпкер қаржыландыру тапшылығына, жоғары несиелік жүктемеге және осы саладағы өндірушілер арасындағы үлкен бәсекелестікке тап болды. Алайда саудадан түскен табыс өндіріс бағытын қолдауға және бизнестің одан әрі дамуына негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін белсенді пайдалана отырып, Манас Асаинов өз кәсібін одан әрі дамытып, жаңа бағыттарды енгізіп, өндірістік қуаттарын кеңейтуді жалғастыруда.
2025 жылдың күзінде кәсіпорынның одан әрі дамуы үшін компания «ЦентрКредит Банкі» АҚ арқылы қаржыландыруға және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан мемлекеттік қолдау алуға жүгінді. Нәтижесінде кәсіпорын қаржыландыруға, сондай-ақ «Кепілдік қоры 1» бағдарламасы аясында 71% мөлшерінде кепілдік алуға қол жеткізді.
Манас Асаинов өз тәжірибесімен жас кәсіпкерлермен қуана бөліседі. Ол кәсіпті саудадан бастауды ұсынады, себебі өндіріс саласы үлкен ресурстарды талап етеді және әрдайым тез пайда әкеле бермейді. Оның өмірлік және кәсіби ұстанымы өзгермейді — «Тек алға!».
Манас Асаиновтың тарихы — еңбекқорлықтың, табандылықтың және өз ісіне деген сенімнің арқасында шағын сауда орнынан бастап, жұмыс орындарын ашып, өңірдің дамуына үлес қосып отырған көпсалалы бизнеске дейін өскен адамның тарихы. Оның үлгісі жас кәсіпкерлерді қиындықтардан қорықпауға, үнемі алға ұмтылуға және даму мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға шабыттандырады.
Мекенжайы: Жезқазған қаласы, Холмецкий көшесі, 100
Телефон: +7 777 236 3500
Instagram: @bakyt_stroy_zhez