Кеңес ал!

05.05.2026

IFC: «Даму» Қорының кепілдігі кәсіпорындардың қаржы алуға мүмкіндігін арттырады

Дүниежүзілік банк тобына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) микро, шағын және орта кәсіпорындардың (МШОК) қаржы алуына мүмкіндік беретін кепілдік құралдарының негізгі рөлін атап өтті.

Қазақстандағы IFC басшысы Зафар Хашимов ұйымның елде 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын және осы уақыт ішінде экономикаға 2,9 млрд доллардан астам жеке инвестиция салып, жұмылдыра алғанын айтты. Ол дамушы экономикалардағы, соның ішінде Қазақстандағы жұмыс орындарының негізгі бөлігін МШОК қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті. Сондықтан шағын және орта бизнесті қолдау IFC мен Дүниежүзілік банк тобы үшін басты басымдық болып қала береді.

«Бүкіл әлемде шағын және орта бизнес несие аларда қиындықтарға тап болады. Бұл, әдетте, кепілдік жеткіліксіздігі, несие тарихындағы кемшіліктер және өз капиталының аздығына байланысты. Нәтижесінде олардың даму мүмкіндіктері де шектеле бермек. Кепілдік сияқты құралдардың болуы олардың әлеуетін ашуға және кепілзатсыз несие берілмейтін жағдайларда қаржы алуына көмектеседі», - деді Зафар Хашимов.

Осыған байланысты IFC мөлшерлемені субсидиялаудың орнына тұрақты бизнес орта қалыптастыруға ықпал ететін «кепілдік» сияқты нарықтық құралдарға көшудің болашағы зор деп санайды.

«IFC тәжірибесіне сүйене отырып, біз МШОК-ті қаржыландыру мүмкіндігін арттыруға әдетте, мемлекет араласуы керектігін, оның ішінде арнайы даму институттары арқылы жүзеге асатынын көреміз. Көптеген елдерде мұндай институттар қаржы секторының рисктерін азайтып, бизнесті несиелеуге ынталандыруда маңызды рөл атқарады. Қазақстанда бұл функцияны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры атқарады және осы ұйым жанынан кепілдік құралдары іске қосылып, дамуда. Кепілдік – МШОК қолдаудағы тиімді механизм. Өйткені ол несие тәуекелін бөліседі. Бұл өз кезегінде кепілдік алардағы талаптар және банктердің капиталына жүктемені азайтуға ықпал етеді. Соның арқасында көптеген кәсіпкер қиындықсыз қаржы ала алады. Нәтижесінде МШОК тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, нарықтық шартпен несие рәсімдеуге мүмкіндік молаяды», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, Дүниежүзілік Банктің 2025 жылғы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және несиеге кепілдіктің жұмыспен қамту мен ШОБ-тың сауда көлеміне әсерін бағалауға арналған аналитикалық есебінде («Do State SME Programs Work? Evidence from Loan Subsidies and Credit Guarantees in Kazakhstan») «Даму» Қорының бизнесті қаржылай қолдау бағдарламаларын реформалау бойынша оң бастамасы атап өтілген. Құжат кепілдік құралының несие берушілердің мүдделерін теңестіретін және бизнесті сапалы іріктеу мен бақылауды қамтамасыз ететін маңызын көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Даму» Қоры («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) ақылы екі кепілдік бағдарламасын іске қосты. Олар шағын бизнес пен ірі жобалардың қаржы алуына мүмкіндігін кеңейту арқылы экономиканың нақты секторын қолдауды көздейді. Бірінші кепілдік қоры несие сомасы 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды қолдаса, ал екінші кепілдік қоры – несие сомасы 7 млрд теңгеден асатын ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға арналған. Атап айтқанда, 1-кепілдік қоры аясында осы уақыт ішінде несиесінің жалпы сомасы 600 млрд теңгеден асатын 3,9 мыңнан астам кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Оның ішінде микро және шағын бизнестің жобалары 88,5%, орта бизнес – 10,4%, ірі бизнес – 1,1%. Екінші кепілдік қоры бойынша жалпы несие сомасы 457 млрд теңгені құрайтын 10 жоба қолдау алды. 1-кепілдік қоры аясында 11 банк, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Шинхан Банк Қазақстан» АҚ, сондай-ақ Аграрлық кредиттік корпорация, Өнеркәсіпті дамыту қоры сияқты «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдарымен келісім жасалды. Қазір «Халық-Лизинг» АҚ-пен келісім жасалу үстінде.

Жалпы Қор бағдарламалары бойынша 2025 жылы 13 мың жоба 2,2 трлн теңгеге қолдау алған. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 29%-ға артық.