Кеңес ал!
Бүгінде Қазақстан экономикасының цифрлық трансформациясы туралы сөз болғанда, әлемдік үрдістерге ілесіп қана қоймай, өздерінің бірегей технологиялық шешімдерін қалыптастырып жатқан отандық компаниялардың атауы жиі аталады. Солардың бірі – ел экономикасының стратегиялық маңызды салаларын цифрландырумен айналысатын жетекші қазақстандық IT-компания AG TECH.
Компанияның негізін қалаушы әрі бас директоры Александр Подвалов – тек кәсіпкер ғана емес, Қазақстанның IT-қоғамдастығындағы белсенді тұлғалардың бірі. Ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының мүшесі, елордалық палатаның өңірлік кеңесінің төрағасы, сондай-ақ ақпараттық технологиялар жөніндегі салалық кеңесті басқарады.
Бүгінде AG TECH өзінің цифрлық шешімдер экожүйесін дамытып, өнеркәсіп, мемлекеттік сектор, қаржы саласы, білім беру, қалалық және критикалық инфрақұрылым бағыттарында ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Компания қызметінің негізгі бағыты – өзінің флагмандық өнімі DMMS (Digital Monitoring and Management System) өндірісті басқару жүйесі арқылы өнеркәсіпті цифрландыру.
DMMS – қазақстандық мамандар әзірлеген, отандық нарықта баламасы жоқ бірегей цифрлық платформа. Жүйе кәсіпорындардың бірыңғай цифрлық контурын қалыптастырып, өндірістік қауіпсіздік, жабдықтар мен техникаларды мониторингтеу, диспетчерлеу, шикізатты қайта өңдеу және өндірістік циклдерді басқару секілді маңызды процестерді толық қамтиды.
Қазіргі таңда DMMS жүйесін 60 мыңнан астам адам пайдаланады. Шешім «Қазцинк», «Қазақмыс», «Кармет», Kaz Minerals секілді ірі қазақстандық және шетелдік өнеркәсіп кәсіпорындарында, сондай-ақ Қырғызстандағы Бозымчак кен орнында сәтті енгізілген.
Компания жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде енгізіп, DMMS жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтуде. Енді цифрлық платформа өндірістегі процестерді талдап қана қоймай, ықтимал ауытқуларды алдын ала болжауға, тиімді шешімдер ұсынуға және кәсіпорындардың жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеумен қатар, AG TECH заманауи диспетчерлік-талдау орталықтарын құрумен де айналысады. 2022 жылы компания DMMS OIL & GAS жүйесі негізінде Қазақстан мұнай саласын мониторингтеуге арналған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның бас аналитикалық орталығын іске қосты.
2024 жылдан бастап AG TECH «Кармет» компаниясының көмір департаментінде өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін енгізу жобасын жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар жоба аясында кәсіпорынның диспетчерлік орталығы құрылды. Өткен жылдың соңында компания Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында орналасқан Presight командалық-ситуациялық орталығын құру жұмыстарын аяқтады.
AG TECH компаниясының жоғары кәсіби деңгейі тек ірі жобалармен ғана емес, халықаралық және ұлттық деңгейдегі мойындаулармен де дәлелденіп отыр. 2025 жылы компания Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанса, DMMS жүйесі Digital Almaty форумында Innovative Industrial Solution Award халықаралық марапатына ие болды.
Компания жобалары халықаралық деңгейде де таныстырылып келеді. 2023 жылы DMMS жүйесі Қазақстан мен Қырғызстан президенттеріне Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында ұсынылды. Ал 2024 жылы Almaty Fair AI көрмесінде Қазақстан және Өзбекстан президенттеріне таныстырылып, технология өзбекстандық серіктестер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Қазіргі таңда AG TECH Өзбекстан Республикасының Цифрлық даму министрлігі және IT Park ұйымымен көршілес ел нарығына шығу бойынша келіссөздер жүргізуде.
Компания қызметінің ауқымы кеңейіп, жобалар саны артқан сайын техникалық қуаттарды ұлғайту және инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі туындады. Осы мақсатта AG TECH мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланды.
«Өрлеу» бағдарламасы аясында компания «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның қарыз қаражаты есебінен жылдық 12,6% жеңілдетілген мөлшерлемемен қаржыландыру алды. Сонымен қатар «Даму» қорының кепілдік беру құралы пайдаланылып, қажетті кепілдік қамтамасыз ету мәселесі шешіліп, қаржыландыруды қолайлы шарттармен алуға мүмкіндік берілді.
Көрсетілген қолдау AG TECH компаниясына өз қызметін одан әрі кеңейтуге, техникалық базасын нығайтуға, инновациялық шешімдерді дамытуға және отандық IT-индустриядағы позициясын күшейтуге жол ашты.
Бүгінде AG TECH командасында 200-ден астам жоғары білікті маман еңбек етеді. Компания Индустрия 4.0 бағытын дамытуды жалғастырып, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу арқылы Қазақстанның технологиялық дамуына елеулі үлес қосып келеді.
AG TECH тарихы – отандық инновациялар, кәсіби сараптама және мемлекеттік қолдау тетіктері елдің цифрлық болашағын қалыптастыруға қабілетті екенін дәлелдейтін жарқын мысал.
Сайт: ag-tech.kz
Телефон: +7 (7172) 47-28-46