Кеңес ал!

23.06.2026

Сүйікті іс өмірлік миссияға айналғанда, өзгелерге шабыт сыйлайтын жобалар дүниеге келеді. Осындай жолдан Yerkin-Ai Fashion House сән үйінің негізін қалаушы әрі бас дизайнері Еркін Қайырғалиқызы Дүйсенбаева өтті. Еркіннің шығармашылыққа деген сүйіспеншілігі бала кезінен бастау алады. Ол әрдайым сурет салумен айналысып, болашақ киім үлгілерінің эскиздерін жасап, өзінің сән брендін құруды армандады. 2025 жылы бұл арманы жүзеге асып, Yerkin-Ai Fashion House сән үйі өз жұмысын бастады. Кәсіп ашылған кезде компанияда 8 қызметкер жұмыс істеді, ал жобаға салынған инвестиция көлемі 50 миллион теңгені құрады. Брендтің басты мақсаты – қазақ халқының бай мәдени мұрасын сақтай отырып, оны заманауи сән үрдістерімен үйлестіру. Әрбір топтаманың өзіндік тұжырымдамасы мен терең мағынасы бар. Солардың ішінде қазақ әйелінің сұлулығы мен өмір жолын бейнелейтін «Qyz ғұмыры» топтамасы ерекше орын алады. Кәсіптің дамуына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауы зор ықпал етті. Кәсіпорын 50 миллион теңге көлеміндегі несие бойынша субсидиялау қолдауын алды. Қаржы шоурумды жөндеуге, қажетті жабдықтар сатып алуға және шикізат қорын толықтыруға бағытталды. Нәтижесінде шоурум мен өндірістік цехты біріктіретін заманауи кеңістік құрылып, компания дамуының маңызды кезеңіне айналды. Бүгінде Yerkin-Ai Fashion House – 15 маманнан тұратын кәсіби команда. Қызметкерлер саны екі есеге жуық өсіп, бренд жаңа топтамалар шығарып, нарықтағы орнын нығайтып келеді. Компания үшін үлкен жетістік сән әлеміндегі беделді көрсетілімдерге қатысу болды. Қысқа уақыт ішінде бренд Samruk Fashion Week байқауында Бас жүлдені жеңіп алып, Каппадокияда өткен халықаралық сән көрсетіліміне қатысуға шақырту алды. Бұл жетістіктер қазақстандық дизайнерлердің жоғары деңгейін және отандық брендтердің халықаралық әлеуетін айқын көрсетті. Yerkin-Ai Fashion House бүгінде авторлық әйелдер киімін, ұлттық және этно бағыттағы топтамаларды, сондай-ақ күнделікті өмірге және ерекше іс-шараларға арналған заманауи киімдерді ұсынады. 2026 жылы Yerkin-Ai Fashion House Астана қаласында өткен «Ұлттық өнім» көрмесіне қатысып, қазақ мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерінен шабыт алған авторлық топтамаларын көпшілік назарына ұсынды. Көрме брендтің танымалдылығын арттырып, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді. Еркін Қайырғалиқызы өз тәжірибесі арқылы табысқа жетудің бастауы арманға сену мен алғашқы қадамды батыл жасаудан басталатынын дәлелдеп келеді.

«Үлкен армандар сүйікті іске деген махаббат, табандылық және күнделікті еңбектің арқасында шындыққа айналады».

Мекенжайы: Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 18А шағынауданы, 10-үй

Тел.: +7 701 568 32 89

Instagram: @yerkinai_fashionhouse