Кеңес ал!

01.07.2026

Бүгінде Global Coffee атауы жүздеген мың қазақстандыққа жақсы таныс. Алайда бұл жетістіктің бастауы қомақты инвестицияларда емес, сапалы кофені баршаға қолжетімді етуді мақсат еткен шымкенттік бірнеше жас кәсіпкердің батыл идеясында жатыр.

Аз ғана уақыттың ішінде олардың жобасы Қазақстандағы ең ірі франчайзингтік кофе-барлар желісіне айналды. Ал оның негізін қалаушы Аят Әзімов жаңа кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастырып жүрген жас буын өкілдерінің бірі ретінде танылды.

Аят Әзімов Шымкент қаласында дүниеге келіп, осы шаһарда өсті. Мектептен кейін экономика және құқық колледжінде білім алып, кейін оқуын Литвадағы LCC International University университетінде жалғастырды.

Дәл осы кезеңде ол еуропалық кофе мәдениетімен жақынырақ танысты. Ондағы кофеханалар тек сусын ішетін орын ғана емес, адамдар бас қосып, пікір алмасатын, жұмыс істеп, жаңа идеялар туындайтын ерекше орта еді. Бұл тәжірибе оның болашақ кәсіби жолына айтарлықтай ықпал етті.

Елге оралған соң Аят «Теңізшевройл» компаниясында зауыт басшысының аудармашысы болып еңбек етті. Қазақстандағы жетекші компаниялардың біріндегі жұмыс оған басқару тәжірибесін жинақтап, тиімді бизнес жүргізудің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік берді.

Өз кәсібін ашу туралы ой вахталық жұмыс кезінде пайда болды. Достары әрі жерлестері Мақсат Аманмұрадов пен Данияр Мамирхановпен бірге ол кофе бизнесін дамытуға бел буды.

Сол жылдары Алматы мен Астанада кофе мәдениеті қарқынды дамып келе жатқанымен, Шымкентте бұл нарық енді ғана қалыптасып жатқан еді. Әсіресе сапалы coffee to go форматы жеткілікті деңгейде ұсынылмаған болатын. Осы олқылықты байқаған жас кәсіпкерлер жаңа мүмкіндікті дер кезінде пайдаланды.

Осылайша алғашқы жобалар дүниеге келіп, олардың қатарында Salem Coffee бренді де болды. Небәрі екі жылдың ішінде команда желіні Қазақстанның түрлі қалаларындағы 11 нүктеге дейін кеңейтті.

Келесі мақсат — халықаралық нарыққа шығуға қабілетті бренд құру болды. Осылайша Global Coffee дүниеге келді.

Компанияның даму стратегиясы үш негізгі қағидаға сүйенді: тұрақты сапа, қолжетімді баға және тиімді франчайзингтік модель. Өнім сапасын тұрақты бақылау үшін жеке кофе қуыру цехы іске қосылып, жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен бизнес-процестер серіктестерге арналған дайын жүйеге айналдырылды.

Дәл осы ұстаным компанияның қарқынды дамуына және жаңа нарықтарға шығуына жол ашты.

Бизнестің өркендеуіне мемлекеттік қолдау шаралары да серпін берді. 2023 жылы Аят Әзімов «Даму» қорының қолдауымен «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында өндірістік цехқа арналған ғимарат сатып алды. Келесі жылы кәсіпкер қайтадан мемлекеттік қолдауға жүгініп, алынған қаражатты ғимаратты жөндеуге және қажетті жабдықтарды сатып алуға бағыттады. Ал 2025 жылы Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында айналым қаражатын толықтыру үшін қаржыландыру алды. Жобаның қаржылық серіктесі — «Банк ЦентрКредит» АҚ.

2026 жылға қарай Global Coffee 300-ден астам нүктесі бар Қазақстандағы ең ірі франчайзингтік кофе-барлар желісіне айналды. Қазір компания Қазақстанмен қатар Өзбекстан мен Грузия нарықтарында да табысты жұмыс істеп келеді. Холдинг жобаларында 1000-нан астам адам еңбек етеді.

Кофе бизнесінен бөлек, Аят Әзімов перспективалы IT-стартаптарға инвестиция салып, Coyote ERP жүйесін дамытуға және Azimov HUB бизнес-кеңістігін өркендетуге атсалысуда.

Кәсіпкердің айтуынша, оның бүгінгі басты мақсаты — тек өз компанияларын дамыту емес. Ол қазақстандық брендтердің халықаралық деңгейде танылуына ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды және елдегі кәсіпкерлік экожүйенің дамуына үлес қосуды көздейді.

Шымкенттен басталған шағын идеяның халықаралық деңгейдегі брендке айналуы — Аят Әзімовтің кәсіпкерлік жолындағы табандылығы мен үздіксіз ізденісінің айқын көрінісі.