Кеңес ал!
Кейде ең табысты бизнес-идеялар адамның өз өмірлік тәжірибесінен туындайды. Aulet компаниясының тарихы да дәл осылай басталды. Бүгінде кәсіпорын Астана қаласының тұрғындарына өз армандарындағы жайлы әрі сәнді үйді қалыптастыруға көмектесіп келеді.
2015 жылы компанияның негізін қалаушылар өз үйлеріне жиһазға тапсырыс беру барысында күтпеген мәселеге тап болды. Жеке жоба бойынша сапалы әрі талапқа сай жиһаз жасайтын білікті мамандарды табу оңай болмады. Осы жағдай оларды өз өндірісін ашуға жетеледі. Болашақ кәсіпорынның басты қағидаттары ретінде сапа, сенімділік және әрбір клиентке деген жауапкершілік айқындалды.
Компания өз жұмысын бес қызметкерден және 10 миллион теңге көлеміндегі бастапқы инвестициямен бастады. Уақыт өте келе Aulet корпус жиһаздарын өндіру саласында өз орнын қалыптастырып, сенімді кәсіпорындардың біріне айналды. Компанияның атауы да кездейсоқ таңдалмаған. Aulet – отбасы құндылықтарының символы. Кәсіпорынның басты мақсаты – әрбір отбасының үйіне сән мен жайлылық сыйлайтын, ұзақ жылдар бойы қызмет ететін сапалы жиһаз өндіру.
Бүгінде компания тапсырыс берушілердің жеке өлшемдері мен қалауларына сәйкес кез келген күрделіліктегі корпус жиһаздарын дайындайды. Мұнда әрбір интерьер өз иесінің болмысын айқындауы тиіс деген ұстаным қалыптасқан. Сондықтан әрбір жоба барлық талаптар мен қажеттіліктерді ескере отырып жүзеге асырылады.
Көпжылдық еңбектің нәтижесінде кәсіпорын айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Компанияның табысы екі есеге артса, қызметкерлер саны бес адамнан 35 адамға дейін өсті. Даму жолындағы маңызды қадамдардың бірі – қосымша кеңсенің ашылуы болды. Бұл өндіріс ауқымын кеңейтіп, орындалатын тапсырыстар көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Кәсіпкерлік жол әрдайым оңай бола бермейді. Ірі жобаларды іске асыру барысында компания бірнеше рет қосымша қаржыландыру қажеттілігіне тап болды. Осындай кезеңде мемлекеттік қолдау кәсіпорынның одан әрі дамуына берік негіз қалады.
2025 жылы Aulet компаниясы «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы мемлекеттік қолдауға ие болды. Кәсіпорын «Кепілдік қоры 1» бағдарламасы аясында кепілдік беру құралын пайдаланып, сондай-ақ «Astana Business–2» өңірлік бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауының нәтижесінде компания заманауи өндірістік жабдықтарды сатып алып, өндірістік қуатын арттырды, жұмыс орындарының санын көбейтті, еңбек өнімділігін жоғарылатып, кәсіпорынның одан әрі тұрақты дамуына жол ашты.
Бүгінде компанияның ең үлкен жетістіктерінің бірі – өзінің өндірістік цехы мен кеңсесінің болуы. Алайда кәсіпорын үшін ең басты құндылық – адал еңбек, жоғары жауапкершілік және өнім сапасының арқасында қалыптасқан тұтынушылардың сенімі.
«Біз үшін ең маңыздысы – жиһаз жасап беру ғана емес, әрбір клиенттің бізге артқан сенімін ақтау», – дейді компания директоры Гүлжан Мұратбек.
Aulet компаниясының басты ұстанымы – «Аманатқа қиянат жасамау». Бұл қағида кәсіпорынның іскерлік беделінің негізіне айналып, тұтынушылармен ұзақ мерзімді әрі сенімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді.
Алдағы жылдары компания өндірістік цехтың аумағын кеңейтуді, өнім көлемін ұлғайтуды және жоғары сапа стандарттарын сақтай отырып, өндірісті одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.
Кәсіпкерлік жолын енді бастаған жандарға компания басшысы ең алдымен нақты мақсат қойып, қандай қиындық болса да, алға ұмтылуды тоқтатпауға кеңес береді.
Aulet компаниясының табыс тарихы – табандылықтың, сапалы өнімнің және уақытылы көрсетілген мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде кез келген идеяның табысты бизнеске айналатынын дәлелдейтін жарқын мысал. Бүгінде кәсіпорын жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық өндірістің дамуына өз үлесін қосып келеді.
Мекенжайы: Астана қаласы, Қасым Аманжолов көшесі, 24.
Байланыс телефоны: +7 702 267 77 84
Инстаграм: @aulet_jihaz