Кеңес ал!

07.08.2026

      Биыл отандық «Керім Сұлу» бренді өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтуде. Компанияның он жылдық даму жолының артында тек кәсіпкерлік жетістік қана емес, күнделікті тынымсыз еңбек, әсемдікке деген сүйіспеншілік, қол еңбегіне деген құрмет және ұлттық дәстүрлерді сақтауға деген ұмтылыс жатыр. «Керім Сұлу» ұлттық тоқыма бұйымдарын өндіруге маманданған. Тігін шеберханасында қыз жасауға арналған жиынтықтар, «құрақ» техникасында тігілген көрпелер, көрпе-төсек, жастықтар, төсек жабдықтары, құдалыққа арналған эксклюзивті сыйлық жиынтықтары және басқа да ұлттық нақыштағы бұйымдар әзірленеді.

Бренд қызметінде қыз жасауын дайындауға ерекше мән беріледі. Қыз ұзату — әрбір қыз бен оның отбасы үшін толқынысқа толы, жүрекке жақын әрі маңызды сәттердің бірі. Сондықтан бұл айтулы күннің әрбір бөлшегі әдемі, үйлесімді әрі өзіндік мәнге ие болуы тиіс.«Керім Сұлу» жұмысының негізінде дәл осындай ұстаным жатыр. Әрбір бұйымға ерекше мән беріліп, оның әрбір бөлшегі мұқият жасалады. Мұнда эстетика, сапа және ұлттық дәстүрге деген құрмет өзара үйлесім табады.

Брен дтің мақсаты — жай ғана әдемі бұйымдар жасау емес, заманауи өнім арқылы ұлттық мәдени мұраны сақтау. «Керім Сұлу» орындаған ұлттық тоқыма бұйымдары отбасылық өмірдегі маңызды оқиғалардың ажырамас бөлігіне айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрдің сабақтастығын қамтамасыз етеді.

Бренд тарихы оның негізін қалаушы — Прекеева Жанар Мақсатқызының өмір жолымен тығыз байланысты. Жанар Мақсатқызы бала кезінен ұстаз болуды армандаған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін колледжде оқытушы болып еңбек етіп, өзінің бала күнгі арманын жүзеге асырды. Алайда ұстаздықпен қатар оның өмірінде шығармашылыққа, әсемдік жасауға деген қызығушылық та әрдайым ерекше орын алды.

Жанардың кәсіпкерлік жолындағы бетбұрысқа кәсіби түрде тігін тігумен айналысатын бір әйелмен таныстығы себеп болды. Ол кезде Жанар тігін тігуді білмейтін. Бірақ оның бойында басқа маңызды қасиеттер — жұмысты ұйымдастыра білу және кез келген істі үйренуге әрі нәтижеге жеткізуге деген сенім бар еді. Осылайша өз ісін бастауға алғашқы қадам жасалды.

Ескі тігін машинасы, үш метр мата және бастауға деген үлкен ниет. Жанар алғашқы бұйымдарын серіктесімен бірге өз үйінде дайындай бастады. Олар көрпе, көрпеше, сәндік жастықтар және үйге арналған басқа да бұйымдарды тікті. Алғашқы тұтынушылар өнімнің сапасын бірден бағалады. Бұйымдар әдемілігімен ғана емес, әрбір бөлшегіне ерекше көңіл бөлініп жасалуымен де ерекшеленді.

Алайда тек қана ниет пен өнімге деген сұраныстың болуы жеткіліксіз еді. Бизнесті әрі қарай дамыту үшін қаржылық мүмкіндік болмады. Сондықтан алты айдан кейін алғашқы жобаны тоқтатуға тура келді. Жанар Мақсатқызы үшін бұл аяқталу емес, маңызды тәжірибе болды. Ол ең басты нәрсені түсінді: адамдарға бұйымдар ұнайды, демек, өнімге сұраныс бар және бизнестің болашағы бар. Ендігі мәселе өндірісті дамытуға қажетті жағдай жасау еді.

Жанар Мақсатқызы өз ісін қайта бастауға шешім қабылдады. Бұл жолы ол бизнесті жүйелі түрде дамытып, мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін пайдалануды көздеді.

Қызылорда қаласының Инвестициялық орталығынан грант алып, қажетті тігін машиналарын сатып алды және алғашқы төрт қызметкерді жұмысқа қабылдады. Осылайша өз үйінің бір бөлмесінде шағын тігін цехы жұмысын бастады.

Өндіріс біртіндеп дами бастады. Тапсырыстар саны артып, жаңа клиенттер пайда болды. Алайда бизнестің өсуімен бірге жаңа мәселе туындады: үйдегі шағын бөлме өндіріс үшін тарлық ете бастады. Тігін машиналары күндіз-түні дерлік жұмыс істеп, көршілер де шуға шағымдана бастады. Осы кезде бизнесті әрі қарай дамыту үшін толыққанды коммерциялық ғимарат қажет екені анық болды.

Дәл осы кезеңде «Даму» қорының қолдауы маңызды рөл атқарды. Көрсетілген қолдаудың арқасында Жанар Мақсатқызы коммерциялық ғимарат сатып алып, өндірісті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік алды. Бұл шешім компания тарихындағы маңызды кезеңдердің біріне айналды. Өндіріс көлемін арттыруға, өнім түрлерін кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туды. Осылайша бір кездері үй жағдайында басталған шағын өндіріс толыққанды тігін шеберханасына айналды. Ал компаниядағы қызметкерлер саны 30 адамға дейін өсті.

«Керім Сұлу» тарихы — бұл біртіндеп дамудың тарихы: үйдегі шағын шеберханадан жеке өндіріс орнына дейінгі, алғашқы бұйымдардан он жылдан бері әр отбасы үшін ең маңызды әрі жүрекке жақын қуанышты сәттерге арналған ұлттық нақыштағы тоқыма бұйымдарын жасап келе жатқан отандық брендке дейінгі жол.

Мекенжайы: Қызылорда қаласы, Қорқыт ата көшесі, 110-үй

Тел.: +7 776 586 27 07

Instagram: @kerim_sulu_kyzylorda