Кеңес ал!
Астанада «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басшылығы мен ұжымының қатысуымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелерін түсіндіруге арналған кездесу өтті.
Жиын барысында жаңа Конституцияда көзделген негізгі өзгерістер, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа тетіктері, сондай-ақ азаматтардың елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуының маңызы талқыланды.
Кездесуде сөз сөйлеген «Даму» қорының Басқарма төрағасы Фархат Сарсекеев кәсіпкерлікті қолдаудың стратегиялық маңызын атап өтті.
«Біздің міндетіміз – жұмыс істеп тұрған бизнесті қолдап қана қоймай, оның сапалы өсуіне жағдай жасау. Кәсіпкерлік дамыған сайын оны мемлекеттік қолдау тетіктері де қатар дамуы тиіс», – деді Фархат Сарсекеев.
Талқылау барысында Конституциялық өзгерістердің азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне, мемлекеттік институттардың қызметіне және қоғамның даму үдерістеріне ықпалына ерекше назар аударылды. Қатысушылар жаңа конституциялық нормалардың мәні мен олардың елдің одан әрі дамуы үшін маңызын талқылады.
Кездесу соңында Фархат Сарсекеев Қор ұжымын 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырды. Ол азаматтардың қоғамдық өмірге араласуы, өз ұстанымын білдіруі және ел болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдау үдерісіне атсалысуы азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі екенін атап өтті.
Жиын қатысушыларға жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын тереңірек түсініп, олардың мемлекет пен қоғамның дамуындағы рөлін бағамдауға мүмкіндік берді.