Кеңес ал!

03.09.2026

Астанада «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры («Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің еншілес ұйымы) кәсіпкерлерді, Қор басшылығы мен мамандарын, Астана қаласы әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының, елордалық Мемлекеттік кірістер департаментінің, банктер мен Қор ұсынған консалтингтік компаниялардың өкілдерін бір алаңда бас қосты. Іс-шараға елорданың 180-нен астам кәсіпкері қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы бизнесті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы құралдары болды.

«Ашық есік күндерін еліміздің барлық өңірінде екінші жыл қатарынан өткізіп келеміз. Біз үшін бұл ең алдымен кәсіпкерлерден тікелей кері байланыс алып, барынша ашық болуға, олардың сұраныстарын тыңдауға және бизнесті бүгін қандай мәселелер толғандыратынын түсінуге мүмкіндік. Сондықтан «Даму» қорының басшылығы мұндай іс-шараларға тікелей қатысып, кәсіпкерлерге жеке кеңес береді. Бұл бізге кәсіпкерлерге қай жерде ақпарат жетіспейтінін көріп, осы олқылықтың орнын жедел толтыруға мүмкіндік береді», - деді «Даму» қорының Басқарма төрағасы Фархат Сарсекееев.

Ашық есік күні барысында кәсіпкерлерге қолдау алудың өтінім беруден бастап кейінгі мониторингке дейінгі барлық кезеңі егжей-тегжейлі түсіндірілді. Қатысушыларға қолданыстағы қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары таныстырылып, бағдарламалар шарттарын сақтау маңыздылығы түсіндірілді.

Қор қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға да ерекше назар аударылды. Қатысушыларға бірыңғай фронт-офис пен мобильді фронт-офистердің жұмысы туралы айтылды. Олардың көмегімен шалғай ауылдардың тұрғындары да мамандардан тегін кеңес ала алады.

Қор басшылығы кәсіпкерлерді алаяқтардың құрбаны болмау үшін сақ болып, тексерілмеген делдалдар мен консультанттардың қызметіне жүгінбеуге шақырды. Жалпы бөлімнен кейін қатысушылар жекелей кеңес алып, тиісті даму институтының, банктің немесе мемлекеттік органның өкілдеріне тікелей жүгіне алды.

Мысалы, Ашық есік күніне «SYMBAT» стоматологиялық клиникалар желісінің директоры Ержан Жанатаров келді. Бүгінде ол кәсібін әрі қарай дамытуды жоспарлап отырған тәжірибелі кәсіпкер.

«2015 жылы «Даму» қорының мемлекеттік қолдауын пайдаланып, несие алдым. Жас дәрігер үшін Астанада бизнес бастау оңай болған жоқ. Себебі, медициналық құрал-жабдықтардың қымбат тұрады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында клиника ашып, бизнесті біртіндеп дамыта алдық. Қазір бірнеше идеям бар, сондықтан бүгінгі таңда қандай бағыттар өзекті, қай салалардың болашағы зор екенін білгім келеді», - деді кәсіпкер.

Бүгінде желі Астана мен Ақтөбедегі клиникалар мен диагностикалық орталықтарды біріктіреді. Компанияларда 40 жұмыс орны құрылған.

Астана қаласы әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының өкілі Шухрат Жораевтың айтуынша, мұндай формат кәсіпкерлерге қысқа уақыт ішінде бір жерден бірнеше бағыт бойынша кеңес алып, бейінді ұйымдардың өкілдеріне сұрақ қоюға мүмкіндік береді.

Ашық есік күні шеңберінде салық салу мәселелеріне арналған жеке консультация алаңы жұмыс істеді. Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері заңды тұлғалардың қызметі, Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші мен заңды мекенжайды өзгерту, сондай-ақ жекелеген қолдау бағдарламаларының талаптарына қатысты сұрақтарға түсініктеме берді.

«Бүгін мұнда кәсіпкерлер де, сұрақтар да көп. Бұл қуантады. Біз өз тарапымыздан кәсіпкерлерге салық салу мәселелері бойынша көмектесуге, кеңес беруге және қажетті түсіндірмелерді беруге дайынбыз. Мұндай формат бизнестің қандай қиындықтарға тап болып отырғанын тікелей естіп, қажетті түсіндірмені сол жерде беруге мүмкіндік береді», - деді Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Анель Айтпаева.

Мұндай кеңестердің практикалық маңызын консалтингтік компаниялардың өкілдері де атап өтті. ProBank & Consult компаниясының басшысы Айгуль Муханованың айтуынша, кәсіпкерлерге жобаларды дайындау және қаржыландыру құралдарын таңдау кезінде кәсіби көмек алу маңызды.

«Кәсіпкерлер өз саласын жақсы біледі, алайда қаржыландыру мәселелері бойынша терең білімі бола бермейді. Консалтингтік компаниялар жобаны сауатты құрылымдауға, оның мүмкіндіктерін бағалауға және банк қарауына дайындауға көмектеседі. Сондықтан кәсіпкерлерге нарықтағы тексерілген әрі кәсіби мамандарға жүгіну маңызды. Біздің компания «Даму» қоры ұсынған консалтингтік компаниялар тізіміне кіреді. Бұл тізімге ену үшін біз барлық бағыт бойынша қатаң тексеруден өтіп, кәсіби құзыретімізді растадық», - деді Айгуль Муханова.

Ашық есік күні кәсіпкерлерге нақты жобалары бойынша жеке кеңес алып, мемлекеттік қолдау жүйесіне қатысатын ұйымдардың өкілдерімен оларды талқылауға мүмкіндік берді. Мұндай формат қолжетімді құралдар туралы ақпарат алумен қатар, нақты жобаны іске асыруға қай тетіктің көбірек сәйкес келетінін анықтауға көмектеседі.

«Даму» қорының Ашық есік күндері еліміздің барлық өңірінде өтеді. Сонымен қатар шалғай елді мекендердегі кәсіпкерлер үшін мобильді фронт-офистер жұмыс істейді. Олардың мамандары кеңесті тікелей кәсіпкерлердің өз елді мекендерінде береді.

Алдағы Ашық есік күндері мен мобильді фронт-офистердің жұмыс кестесі туралы ақпарат «Даму» қорының ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады. Кеңес алу үшін 1408 Бірыңғай байланыс орталығына да жүгінуге болады.