Кеңес ал!
Аяжан Өтеуова — Астанадағы әлеуметтік-креативті AU HUB кеңістігінің негізін қалаушы. Бүгінде бұл жай ғана іс-шаралар өткізетін алаң емес, кәсіпкерлерді, креаторларды, сарапшыларды, әйелдерді, волонтерлерді және әлеуметтік жобалар авторларын біріктіретін тұтас экожүйе.
«Мен идеядан нәтижеге дейінгі жолдың қысқа болғанын қалаймын. AU HUB — адамдар бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, идеяларды бірге нақты жобаларға айналдыратын кеңістік».
AU HUB тарихы дайын ғимарат пен үлкен капиталдан басталған жоқ. Идея Аяжан Өтеуованың ҮЕҰ, бизнес және әлеуметтік жобалар саласындағы көпжылдық тәжірибесі арқылы біртіндеп қалыптасты.
Көп жыл бойы ол жалға алынған алаңдарда кездесулер, білім беру және шығармашылық жобаларды ұйымдастырды. Оның айналасында білім алуға, өз жобаларын құруға және бір-бірімен өзара әрекеттесуге ұмтылған адамдардан тұратын қауымдастық қалыптасты. Алайда тұрақты кеңістіктің болмауы жүйелі әрі тұрақты модель құруға мүмкіндік бермеді.
Мұндай бизнестің ерекшелігін жақсы түсіну үшін Аяжан шамамен жарты жыл бойы коворкингте қызметкер ретінде жұмыс істеп, оның жұмыс үдерістерін ішінен зерттеді. Осыдан кейін, 2023 жылдың қараша айында, ол AU HUB-тың алғашқы нұсқасын іске қосуға шешім қабылдады.
Бастапқы кезеңде кәсіпкер өз қаражатының шамамен 30 млн теңгесін инвестициялады. Кеңістік біртіндеп дамыды: алдымен қолжетімді көлемде жөндеу жүргізілді, кейін бір жыл бойы кәсіпкер сұранысты сынақтан өткізіп, қонақтардың қажеттіліктерін зерттеп, бизнес-модельді жетілдірді.
Бұл кезең маңызды тәжірибеге айналды: жобаны бірден ауқымды түрде кеңейтудің орнына, Аяжан алдымен оның өміршеңдігін тәжірибе жүзінде тексерді.
Бір жылдық жұмыстан кейін модельдің сұранысқа ие екені және одан әрі даму әлеуеті бар екені анық болды.
Сол кезде кәсіпкер жалға алынған және уақытша шешімдерден жеке кеңістікке көшу туралы шешім қабылдады. Бұл қадамда оған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауы көмектесті.
Бизнесті дамыту үшін Аяжан қолдаудың екі құралын пайдаланды — пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және банктік несие бойынша кепілдік беру.
Тартылған қаржыландыру ең алдымен жеке ғимаратты сатып алуға, сондай-ақ жөндеу жұмыстарын аяқтауға, жиһаз, техника және жабдықтар — теледидарлар, проекторлар, залдар мен жұмыс аймақтарына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға бағытталды.
Кәсіпкердің айтуынша, субсидиялау нәтижесінде ай сайынғы төлем бизнес үшін қолжетімді бола түсті, ал Қордың кепілдігі қажетті банктік қаржыландыруды алуға мүмкіндік берді.
Нәтижесінде AU HUB өз активіне ие болып, жалға алуға тұрақты тәуелді болмай, әрі қарай даму мүмкіндігін алды.
Бүгінде AU HUB бірден бірнеше бағытты біріктіреді.
AU Coworking — жұмыс істеуге, кездесулер өткізуге, оқуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға арналған кеңістік.
AU Creative шығармашылық индустрия өкілдерін, суретшілер мен қолөнершілерді қолдайды. Осы бағыт аясында «Ұлы дала мұрасы» жобасы және креаторларға өз жұмыстарын таныстыруға, тапсырыстар табуға және шығармашылығын монетизациялауға көмектесетін QAZCREATIVE цифрлық платформасы дамып келеді.
AU Women әйелдерді оқыту, қарым-қатынас, өзара қолдау және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мақсатында біріктіреді.
AU Kino кино көрсетілімдерін және «Кинопогружение» жобасын ұйымдастырады. Кеңістік қоржынында 300-ден астам фильм бар, олар көрермендермен бірге сарапшылардың қатысуымен талқыланады.
AU Gallery қазақстандық креаторлардың жұмыстарын ұсынатын көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастырады.
Сонымен қатар AU HUB-та білім беру бағдарламалары, шеберлік сабақтары, форумдар, фестивальдер, нетворкинг кездесулері, волонтерлік және қоғамдық бастамалар өткізіледі.
Жеке бағыттардың бірі — азаматтар мен ҮЕҰ үшін кездесулер мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыратын Азаматтық қоғамды дамыту орталығы.
AU HUB моделінің басты ерекшелігі — кеңістік пен қауымдастықтың бір жерде тоғысуы. Мұнда адам тек іс-шараға қатысып қана қоймай, өз идеясын ұсына алады, пікірлес адамдарды табады, команда жинайды және оны жүзеге асыруға қарай келесі қадам жасайды.
Бастапқыда AU HUB-тың тұрақты командасында үш адам болды. Бүгінде компанияда сегіз қызметкер жұмыс істейді.
Сонымен қатар кәсіпкер икемді жұмыс моделін сақтап қалды: нақты жобаларға сарапшылар, дизайнерлер, жүргізушілер, мердігерлер мен волонтерлер тартылады.
AU HUB жұмыс істеген уақыт ішінде кеңістікке 10 000-нан астам қонақ келді, 200-ден астам іс-шара өткізілді, ал резиденттер 50-ден астам жобаны дамытып келеді.
Негізін қалаушы үшін тек сандық өсім ғана маңызды емес. Аяжанның басты жетістіктерінің бірі — бүгінде AU HUB оның операциялық жұмысқа тұрақты қатысуынсыз да жұмыс істей алатыны.
Команда үдерістерді өздігінен басқарады, ал кәсіпкер негізін қалаушы, спикер және сарапшы ретіндегі рөліне көбірек көңіл бөледі.
AU HUB жолы кәсіпкерге тұрақты өсу үшін бірден үлкен инвестиция салу міндетті емес екенін көрсетті.
Алдымен Аяжан идеяны сынақтан өткізіп, нарық пен клиенттердің қажеттіліктерін зерттеді, өз қаражатын инвестициялады. Сұраныс расталғаннан кейін ғана келесі кезеңге — банктік қаржыландыру тартуға және жеке ғимарат сатып алуға көшті.
«Бірден барлық нәрсеге тәуекел ету міндетті емес: шағын тест тек есептеулерден ғана алуға болмайтын білім береді. Бірақ тест сұраныстың бар екенін растаса, келесі қадамды жасауға қорықпаңыз», — дейді кәсіпкер.
Маңызды өзгерістердің бірі — несие арқылы қаржыландыруға деген көзқарастың өзгеруі болды.
Бұған дейін Аяжан алдымен табыс тауып, содан кейін жаңа жобаларды дамытуға өз қаражатын салуды жөн көретін. Алайда AU HUB тәжірибесі бизнес-модель тексерілген, тәуекелдер есептелген және қаржылық жүктеме қолжетімді болған жағдайда, несие өсудің тиімді құралына айнала алатынын көрсетті.
Алдағы жылдары AU HUB командасы үдерістерді автоматтандыру мен жүйелеуді жалғастырып, AU Creative, AU Kino, AU Gallery және AU Women бағыттарын дамытуды, сондай-ақ QAZCREATIVE платформасын Қазақстанның 20 өңіріне дейін масштабтауды жоспарлап отыр.
Тағы бір бағыт — гидтермен ынтымақтастық орнату және Астана қонақтарына арналған шығармашылық шеберлік сабақтарын өткізу. Қонақтар қазақстандық шеберлермен, мәдениетпен және заманауи шығармашылықпен жақынырақ таныса алады.
Кәсіпкердің стратегиялық мақсаты — AU HUB-та жинақталған тәжірибені Қазақстанның креативті индустриясын дамыту инфрақұрылымына айналдыру: креаторларға өз идеяларын монетизациялауға көмектесу және ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер жасау.
AU HUB тарихы — шағын қадамдар арқылы тексерілген идеяның біртіндеп тұрақты бизнеске және толыққанды экожүйеге айнала алатынының мысалы.
«Жаныңда сенетін, тәжірибесімен бөлісетін және әрекет етуге көмектесетін адамдар болса, идея тезірек іске айналады».
Астана қ., Әлихан Бөкейхан көшесі, 25V, EXPO жанында
auhub.kz
@auhub.kz