Кеңес ал!
Кәсіпкерлікті дамыту үшін өзекті ақпаратқа қол жеткізу, сапалы кеңес алу және мемлекеттік қолдаудың қолжетімді құралдарын тиімді пайдалану маңызды. Кәсіпкерлік қызметтің әр кезеңінде бизнес өкілдері қаржыландыру, салық және кредиттік міндеттемелер, өнімді өткізу, қызмет ауқымын кеңейту және мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану мәселелерімен бетпе-бет келеді.
Кәсіпкерлерге практикалық қолдау көрсету мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтарының жұмысын жүзеге асыруда. Орталықтардың негізгі мақсаты — кәсіпкерлерге бизнесті жүргізу және дамыту барысында туындайтын мәселелер бойынша қажетті ақпарат пен консультациялық қолдау көрсету.
Орталықтарда кәсіпкерлер салықтық және кредиттік міндеттемелер, қолданыстағы мемлекеттік қолдау құралдары, өнімді өткізу, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке қатысты басқа да мәселелер бойынша кеңес ала алады. Мамандар кәсіпкерлерге өз бизнесінің ерекшеліктерін ескере отырып, қолжетімді мүмкіндіктерді түсінуге және одан әрі әрекет ету бағыттарын айқындауға көмектеседі.
Консультациялық қолдау әсіресе кәсібін енді бастап жатқан немесе қызметін кеңейтуді жоспарлаған кәсіпкерлер үшін маңызды. Уақтылы алынған ақпарат мемлекеттік қолдаудың қолжетімді құралдарын дұрыс түсінуге, қажетті қадамдарды жоспарлауға және бизнеске қатысты туындаған мәселелер бойынша нақты түсінік алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтары Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында пилоттық режимде жұмыс істейді. Жобаны өңірлерде іске асыру шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін консультациялық қолдаудың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Кеңес алу үшін кәсіпкерлер «Даму» қорының өңірлік филиалына жүгіне алады. Орталық мамандары бизнесті жүргізу және дамытуға қатысты өзекті мәселелер бойынша қажетті ақпарат пен түсіндірме беруге дайын.
Кәсіпкерлерді қолдау орталығы — бизнес өкілдері қажетті ақпарат, консультация және одан әрі даму бағытын айқындауға мүмкіндік алатын қолдау алаңы.