Кеңес ал!

22.09.2026

Астанадағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры филиалының базасында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің Бірыңғай фронт-офисі (БФО) ресми түрде ашылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, «Бәйтерек» Холдингінің Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин және «Даму» қорының Басқарма төрағасы Фархат Сарсекеев қатысты.

«Бәйтерек» Холдингі шағын және орта бизнесті қолдаудың бірыңғай экожүйесін қалыптастыруды жалғастырып келеді. Басты назар кәсіпкерлердің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыруға, бизнесті іске қосу және дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға бағытталған.

Осы міндеттер аясында бизнесті «бір терезе» қағидаты бойынша қолдайтын кешенді жүйе құру қажеттілігі туындады. Оның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге Холдинг тобына кіретін ұйымдардың қолдау құралдарына қолжетімділікті бір жерден ұсыну.

Бірыңғай фронт-офисті құруға «Даму» қорының өңірлік инфрақұрылымы негіз болды. Қордың Қазақстанның барлық 20 өңірін қамтитын кең филиалдық желісі, сондай-ақ мобильді фронт-офистері бар. Бұл «Даму» қорының ғана емес, Холдинг тобына кіретін басқа ұйымдардың да құралдарын еліміздің барлық өңірлеріндегі, соның ішінде шалғай аудандардағы кәсіпкерлер үшін қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Әсіресе жекелеген даму институттарының өз өкілдіктері жоқ өңірлер үшін бұл аса маңызды.

«Бірыңғай фронт-офистің құрылуы «Даму» қорының дамуындағы және оның бизнесті қолдау экожүйесіндегі рөлін кеңейтудегі жаңа кезең. Бүгінде біздің мамандар Қордың өз құралдарымен ғана шектелмей, «Бәйтерек» Холдингіне қарасты басқа ұйымдардың да бизнеске қажетті қолдау тетіктерін таңдауға көмектеседі. Шын мәнінде, «Даму» қорының өңірлік желісі қаржылық және қаржылық емес қолдау құралдарына қол жеткізудің бірыңғай нүктесіне айналып келеді. Бұл тетіктерге жеңілдетілген кредит беру мен кепілдік беру құралдарынан бастап, инвестициялық қаржыландыру, экспорттық сақтандыру және лизингке дейінгі мүмкіндіктер кіреді. Бұл тәсіл жобаларды сүйемелдеу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, еліміздің барлық өңірлеріндегі бизнес үшін қолдауды барынша қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Бірыңғай фронт-офистің техникалық іске қосылуы биылғы ақпан айында өтті. Жаңа форматтың сұранысқа ие екенін алғашқы нәтижелер де көрсетіп отыр. Бірыңғай фронт-офис техникалық іске қосылғаннан бері мұнда 30 мыңға жуық өтініш келіп түсті, ал 1 250 жоба сүйемелденіп, қаржыландырылды», - деді Фархат Сарсекеев.

Жаңа форматта жұмыс істеу үшін Қор мамандары Холдингтің басқа ұйымдары ұсынатын қолдау құралдары бойынша оқытудан өтті. Сонымен қатар CRM жүйелері интеграцияланып, даму институттары арасындағы өзара іс-қимылды жолға қоюға және кәсіпкерлік жобаларды сүйемелдеуге мүмкіндік беретін ортақ жұмыс тетігі қалыптастырылды.

Бірыңғай фронт-офисте Холдинг тобына кіретін бес ұйымның құралдары біріктірілген:

  • «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры – шағын және орта бизнесті жеңілдетілген қаржыландыру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдік беру және қаржылай емес қолдау шаралары;
  • Қазақстанның Даму Банкі – ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру;
  • Qazaqstan Investment Corporation – тікелей инвестициялар және венчурлік қаржыландыру құралдары;
  • Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі – экспорттық кредиттерді сақтандыру;
  • Өнеркәсіпті дамыту қоры – кәсіпорындарды жаңғыртуға арналған жеңілдетілген және лизингтік қаржыландыру.

Осылайша, енді еліміздің кез келген өңіріндегі кәсіпкер бір жерге жүгіну арқылы өз жобасына қажетті қолдау шаралары туралы толық ақпарат ала алады. Бірыңғай фронт-офис кәсіпкерді сүйемелдеудің барлық кезеңін қамтиды: өтініш беру – қолайлы құралды таңдау – консультация алу – өтінімді рәсімдеу – жобаны сүйемелдеу – қаржыландыру мүмкіндігін қарау.

Мұндай формат кәсіпкердің бірнеше даму институтына жеке-жеке жүгіну қажеттілігін азайтып, жобасын бір жерден бастауға мүмкіндік береді.

Бірыңғай фронт-офис аясында біріктірілген құралдар шағын және орта бизнесті және ірі инвестициялық жобаларды қаржыландырудан бастап, тікелей инвестицияларға, экспорттық сақтандыруға және өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғыртуға дейінгі қолдау шараларының кең ауқымын қамтиды.

«Мұндай қолдаудың еліміздің барлық өңірінде қолжетімді болуы маңызды. Біз кәсіпкерлерді қолдау тәсілін барынша атаулы ете отырып, «Іскер аймақ» бағдарламасын ауылдық елді мекендерге кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте «Даму» қорының өңірлік филиалдары мен мобильді фронт-офистері маңызды рөл атқаруға тиіс. Консультанттардың міндеті – бизнесті қалыптасуынан бастап, одан әрі даму кезеңдерінің барлығында сүйемелдеу.

Тағы бір маңызды бағыт – Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтары. Кәсіпкерлер нақты бір мәселеге тап болғанымен, оны шешу үшін қайда жүгіну керектігін және қандай қадам жасау қажеттігін біле бермейді. Осындай жағдайларда көмек көрсету үшін аталған орталықтар құрылып отыр. Қазіргі уақытта олар еліміздің бес өңірінде пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталығы кәсіпкерлер тап болатын мәселелерді кешенді түрде шешуге бағытталған. Орталық мамандары мәселені бастапқы кезеңде талдап, оны шешудің ықтимал тетіктерін айқындайды. Қажет болған жағдайда жұмысқа бейінді мемлекеттік органдар, қаржы институттары, жергілікті атқарушы органдар және «Бәйтерек» Холдингі тобына кіретін ұйымдар тартылады.

«Даму» қоры қатысушылардың өзара іс-қимылын үйлестіріп, кәсіпкердің мәселесі бойынша нақты шешім қабылданғанға дейін сүйемелдейді. Бұл кәсіпкердің әр ведомствоға немесе ұйымға жеке-жеке жүгіну қажеттілігін жояды. Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтарының пилоттық жобасы Астана, Алматы, Шымкент қалаларын, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарын қамтиды.

Бірыңғай фронт-офистің ресми ашылуы «Бәйтерек» Холдингі аясында бизнесті қолдаудың бірыңғай инфрақұрылымын дамытудағы келесі қадам болды.