Кеңес ал!

26.11.2026

«Даму» қоры мен Қазақстан Халық Кеңесі «Халыққа жақын» жобасы аясында Қызылорда облысына бірлескен жұмыс сапарымен барды

25–26 қарашада «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен Қазақстан Халық Кеңесі «Халыққа жақын» республикалық жобасы аясында Қызылорда облысының Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарына бірлескен жұмыс сапарын ұйымдастырды. Сапар барысында жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер бизнес жүргізу мәселелері бойынша кеңес алып, мемлекеттік қызметтерді пайдаланып, әлеуметтік және құқықтық көмекке жүгіне алды.

«Даму» қорының мобильді фронт-офистері «Іскер аймақ» бірыңғай шағын бизнесті қолдау бағдарламасы аясында іске қосылды. Жоба 2026 жылғы 26 мамырда Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданына алғашқы сапардан бастау алып, бүгінде еліміздің 17 өңірін қамтып отыр. Қор мамандары арнайы жабдықталған шағын автобустармен шалғай ауылдарға, аудан орталықтары мен шағын қалаларға барып, кәсіпкерлерге «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары ұсынатын қолдау шараларының талаптары мен тәртібін түсіндіреді, өтінімдерді сол жерде қабылдайды. Барлық автобус Starlink спутниктік интернетімен жабдықталған. Бұл интернетке қолжетімділігі шектеулі елді мекендерде де қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Бірлескен сапарларға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, «Даму» қорының басшылығы мен мамандары, мемлекеттік органдар және бейінді ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Халыққа жақын» жобасы халықты толғандырған өзекті мәселелерді жергілікті жерде шешуге ықпал етуге, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерімен бірлескен сапарлар Қордың көшпелі жұмыс форматын одан әрі дамытуға мүмкіндік берді.

Бірлескен сапар аясында бес жерде мемлекеттік қызмет көрсету және азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды. 25 қарашада Арал ауданында аудан орталығының, Шижаға, Сазды және Қосаман ауылдарының, сондай-ақ Қамыстыбас, Аралқұм, Ақирек, Қосжар, Райым, Қызылжар және Аманөткел ауылдарының тұрғындары қабылданды. 26 қарашада мобильді топ Қазалы ауданындағы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының, сондай-ақ Қармақшы ауданындағы Жосалы кенті, Төребай би, Иіркөл және Дүр-Оңғар ауылдарының тұрғындарымен кездесті.

Кәсіпкерлер жеңілдетілген қаржыландыру, несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдік беру және лизинг шарттары туралы кеңес алды. Сонымен қатар «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдарының бағдарламалары жөнінде ақпарат берілді.

Тұрғындар әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және салық салу мәселелері бойынша мамандарға жүгіне алды. Мамандар eGov және eGov Mobile сервистерін пайдалануды, электрондық цифрлық қолтаңба алуды және мемлекеттік қызметтерді алу үшін өтінім беруді үйретті. Сапар аясында көшпелі медициналық кешен де жұмыс істеді.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері мен мемлекеттік органдардың өкілдері азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады, көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме берді.

«Бұл жолы Қордың мобильді фронт-офистерінің сапары Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелерімен бірлесіп ұйымдастырылды. Соның арқасында бір алаңда кәсіпкерлікті қолдау шаралары бойынша кеңес беру, мемлекеттік қызметтер көрсету және азаматтарды жеке қабылдау мүмкіндігі жасалды. Кәсіпкерлер Қордың қолдау құралдары туралы ақпарат алып, өтінімдерін сол жерде тапсыра алды. Ал тұрғындар мемлекеттік органдар мен бейінді ұйымдардың өкілдеріне тікелей жүгіне алды. Мұндай формат халық пен бизнестің мәселелерін жан-жақты қарастырып, оларды шешу жолдарын жеделірек табуға мүмкіндік береді», — деді «Даму» қоры Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Бапаев.

Мобильді фронт-офистер жұмысын бастағалы бері «Даму» қоры 346 көшпелі іс-шара өткізді. Сапарлар еліміздің 17 өңіріндегі 170 ауданды, 67 қала мен моноқаланы қамтыды. Жалпы 6 928 клиентке 7 525 қызмет көрсетілді.

Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпаратты damu.kz сайтынан, Қордың өңірлік филиалдарынан немесе 1408 бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады.



Анықтама: «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ «Бәйтерек» холдингінің құрамына кіреді және микро, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік құралдарды іске асырады. Олардың қатарында жеңілдетілген кредит беру, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кредиттерге кепілдік беру тетіктері бар.