Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы Алматы қаласында да қарқынды жүзеге асуда. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы бері 14 жоба мақұлданды.
Алғашқы мақұлданған жобалардың бірегейі «Майсалимова Ақмамық Бозымбайқызы» ЖК. Кәсіпкер жарнама жасамауды сұраған. Оның себебі де бар. Көп жылдар бойы өз күшімен сауда жасаған. 11 жыл бойы дүкенді жалдап сауда-саттықпен айналысып келген.
Мемлекеттік бағдарлама туралы қалай, кімнен естідіңіз деген сұраққа: - «Damu Digital» жаңа құралы жайлы ұялы телофоныма хабарлама келді. Онда «Даму» Қорының Алматы филиалында жаңа бағдарлама бойынша таныстырылым болады деген. Осыны көре сала мен осы отырысқа қатыстым. Жиын өте жоғары деңгейде өтті. Одан кейін, мен қалайда несие аламын деген ойға бекіп, «Даму» қорының Алматы қаласы бойынша Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына бардым. Кеңесшілер өте жақсы кеңес берді. Бағдарлама Алматы қаласында жаңа енгізіліп жатқандықтан алғашында қиындықтар болды. Бірақ та «Даму» қоры кеңесшілерінің сүйемелдеуімен алғашқы жолдамаға ие болдым. Ары қарай сүйемелдеу тоқтап қалмай кеңесшілер арқылы «Нұрбанк» АҚ-на бірге барып құжаттар тапсыруға қолдау алдым. Осы қолдау аясында мен 6 пайызбен 18 млн теңгеге ие болдым. Бөлінген қаражатқа жалдап отырган дүкенімді сатып алдым, енді менің өз жеке дүкенім бар. Бұл бағдарлама мен үшін жаңа күш-белес берді, мұндай жетістікке жетемін деп жүз ұйықтасам да түсіме кірмепті», - деді Ақмамық Бозымбайқызы.
Мен өзімнің және отбасымның атынан кәсіпкерлерді қолдау орталығының Зарина Карменова бастаған ұжымына алғыс айтамын. Еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық тілеймін,-дейді кәсіпкер.