menu
Жабу

«Stаrtup «Bolashak» байқауының жүлдегері мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пансионат ашты

Жаңалықтар
02.08.2016

Алакөл көлінің жағалауында Қазақстанда тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Асар» пансионатының ресми ашылуы өтті. 2015 жылғы «Startup «Bolashak» стартап жобалары байқауында екінші орынды иеленген Елдос Баялышбаев өзінің бизнес идеяларын іске асыру үшін 8 миллион теңге көлемінде қаржыға қол жеткізген болатын.

Пансионат Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасындағы Алакөл көлінің кең жағалауында орналасқан. Көл суының емдік қасиеті бар екені ежелден белгілі. Құрылыс орнын таңдау кезінде көлдің сипаттамасы, яғни оның адамның тірек-қозғалыс жүйесінің ауруын емдеуге, жүйке жүйесін қалыпына келтіруге ықпал ететіні және жалпы ағзаға жайлы қасиеті бар екені басты назарға алынды. Жалпы алаңы 170 шаршы метрден асатын пансионат бір мезгілде 30-дан аса адамды қабылдай алады.

Бөлмелерінде тұру мен тамақтанудан басқа , мұнда тағы бірқатар қызметтер көрсетілетін болады. Яғни инватакси, жүзу жаттықтырушылары, тренажерлік жаттығу, бөлмелердің ішінде және пансионаттың аумағында мүгедек арбаларына арналған кедергісіз жолдар ескерілген.

«Мен осы ойымды іске асыру үшін ұзақ уақыт бойы инвестиция іздедім. Енді міне «Startup «Bolashak» арқасында ол орындалды. Мүгедек адамдардың мұқтажын қамтамасыз етуді және оларға өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіну мүмкіндігін беру - басты мақсатым еді»,-деді Елдос.

Жастар кәсіпкерлігін дамыту - «Болашақ» Қауымдастығы қызметінің басым бағыттарының бірі. Сол жастардың бизнес бастамаларын қолдаудың тиімді құралы саналатын «Startup «Bolashak» байқауы қатысқандарға өздерінің бизнес идеяларымен бөлісуге ғана емес, оларды іске асыруға да мүмкіндік береді», - деп атап өтті пансионаттың ашылуына қатысқан «Болашақ» Қауымдастығының атқарушы директоры Азамат Божақов.

Атап өтетін жайт, кезінде апатта ауыр жарақат алған Елдос мұқтажы ерекше адамдарға арналған «Асар» фитнес клубының директоры болып қызмет етеді. Клуб ашылған екі жыл ішінде 220 адамға қалпына келтіру қызметі көрсетіліп, олардың 35-і жүре бастады. Енді «Асар» пансионаты осы бастаманы іске асырудың келесі кезеңіне айналмақ.

«Болашақ» Қауымдастығы «Startup «Bolashak» байқауын «Даму» Қорымен бірге жүзеге асырады. Жоба әлеуметтік және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған. 2015 жылы өткен байқаудың бірінші маусымына бүкіл Қазақстаннан жасы 18 бен 29 арасындағы 2000 аса жастар қатысты. Байқаудың жеңімпаздары Әділет Елеусов, Елдос Баялышбаев және Бақтыгүл Қасымова қазіргі кезде еліміздегі бизнес ортада белсенділік танытып жүр. Қазақстандықтар бұл байқауды «Хабар» телеарнасынан реалити-шоу форматында тамашалаған болатын.