menu
Жабу

Семейлік кәсіпкер «Бизнестің жол картасы 2020» Біріңғай бағдарламасының арқасында бала күнгі ермегін бизнеске ұштастырды

Жаңалықтар
16.06.2016

Семейлік кәсіпкер Сергей Агапкин туған қаласында жасанды шөп төсеніші бар футбол алаңын ашты. Бұл спорт оның жанына жақын. Себебі 8 жасынан бастап спорттың осы түріне қызыққан ол «Елімай» балалар құрамасында да ойнаған.


«Ересектер құрамасының ойыны кезінде доп әперіп тұрушы едім. Литвиненко, Смаков, Митяевтарға табынып өстім. Есейе келе бұл әуестігімнен арыла алмадым. Әлі күнге дейін достарымызбен футбол ойнап тұрамыз. Есесіне, бұл достықтың арқасында футбол алаңының құрылыс жобасын іске асырдым. Жолдастарымның бірі ол жерге қоршау қойса, екіншілері футбол алаңының астын бетондады. Сөйтіп жұмыла көтеріп жүріп осы «Аренаны» тұрғыздық,- дейді Сергей.


«Арена» - Сергейдің құрылысы 2013 жылы басталған футбол алаңының ресми атауы. Сол жылдың тамыз айында алаңның ресми ашылуы өтті. Салтанатты рәсімге сол кездегі қала әкімі Айбек Кәрімов қатысып, лента қиды. 2015 жылы Сергей банктен жаңа транш алып, спортшылар үшін әкімшілік ғимарат пен жуынатын орын салды. Осы несиені мақсатты түрде игергеннен кейін, «Банк ЦентрКредит» АҚ қызметкерлері Сергейге қарызды жеңілдетуді ұсынды. Сөйтіп ол «Бизнестің жол картасы 2020» Біріңғай бағдарламасы бойынша субсидия алды.

  

Қазір футболшылар үшін сүйікті спортымен алаңсыз айналысуына барлық жағдай жасалған. Футбол алаңы Ертіс өзенінің жағалауында, қалың үйеңкілер шоғарланған ең әсем жерде орналасқан. Жасанды футбол алаңы ойыншылардың киімдерін былғамайды, табиғи шөптен айырғысыз жұмсақ. Алаңды айнала жаздың аптап күндерінде қалқан болар күнқағары бар орындықтар қойылған. Ойыннан кейін жаңа салынған ғимаратта салқын душ қабылдауға болады.


Алаң жұмыс істеп тұратын сәуір мен қазан айлары аралығында «Қазкоммерцбанк» АҚ, «Сәт Транс» ЖШС, «Банк Центр Кредит» АҚ, «Семей Су каналы» МКК, «ШҚРЭК» АҚ және көптеген басқа ірі мекемелердің корпоративтік абономенттері бойынша жұмыс істеді. Қалалық және облыстық деңгейде турнирлер мен жолдастық кездесулер өткізіліп тұрады. Ал «Джуниор» балалар мектебі «Аренада» тіпті кішкентайларды, оның ішінде 3-5 жастағы талантты балаларды да дайындайды.


Жуынатын орын құрылысын субсидиялау кезінен бастап бір жыл ғана өтсе де, Сергей Агапкиннің футбол алаңы жанынан әмбебап теннис-футбол алаңы да пайда болды. Биыл 18-маусымда ресми ашылуы өтті.


«Жақын арада мен Германияда болдым. Онда барлық жерде әмбебап алаңдар салынған. Онда футбол, теннис тіпті волейбол ойнауға да болады. Мен осы тәжірибені алып, футболға және тенниске сай келетін, футбол ойын кезінде теннис торларын алып тастауға болатын, мөлшері барлығына сай алаң жасадым,– дейді Сергей Агапкин.

Екінші спорт алаңын ашуға Сергей тағы да несие алды. Оны игергеннен кейін «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында субсидиялауды жоспарлап отыр. Кәсіпкерге табыс, ал Семей қаласына – футбол дәстүрінің жандануын тілейміз.