Қазығұрттық кәсіпкер Берік Нұран 8 жылдан бері құрылыс материалдарын, оның ішінде шлактекшелердің бірнеше түрін, сәндік шлактекше, тас төсеуіштер және жаяу жол плиткаларын өндіреді.
Кәсіпкер әу баста шлактекше шығаратын 1 құрылғымен ғана кәсіп бастаған. Ол кезде тәулігіне 1 000 дана шлакоблок өндіріліп, 4 жұмысшы еңбектенетін. Өнімдер Қазығұрт ауданының өзіне және Сарыағаш сияқты жақын аудандарға сатылады. Бұл аудандарда ауыл шаруашылығы жолға қойылған, құрылыс саласы да дамып келе жатыр, үйлер, бала-бақшалар салынуда, шаруа, жеке қожалықтар малды азықтандыру орындарын кеңейтуде. Яғни құрылыс материалдарына сұраныс артып келеді. Сондықтан да Берік шағын зауыттың қуаттылығын тәулігіне 5000 данаға дейін арттырып, қосымша бетонараластырғыш және арнайы техникалардан тұратын 6 құрылғы сатып алды. Бүгінде шағын зауытта 25 адам еңбек етіп жатыр.
Кәсіпкер осы жетістігімен тоқтап қалмай, бұрыннан жоспарлап жүрген тағы бір идеясын жүзеге асыра бастады. Ауданда аттракцион, хауыз, дәмхана, балалар алаңын қамтитын ойын-сауық кешенін ашу ойда жүрген еді.
- «Демалу орындары дегенде бізде тек бір ғана саябақ пен бірнеше кафе бар. Ал балалармен бірге барып демалатын мәдени орындар жоқ. Сондықтан да мен бүкіл отбасыға арналған ойын-сауық кешенін ашуға бел будым», - дейді Берік Нұран. 25 соттық жерге орналасқан кешен балалар аттракциондары (батут, катамаран, машиналар, поницикл және т.б.), хауыз және кафе секілді қызмет түрлерін ұсынады.
Қазір кешен құрылысын өз қаражатынан жүргізіп жатыр. Ал аттрационға құрылғылар алу үшін «Даму» Қорының Оңтүстік-Қазақстан облысы бойынша Аймақтық филиалының қолдауына жүгінген. Кәсіпкердің жобасын «Kassa Nova Банкі» АҚ қолдады.
Қысқа мерзімде Берік Нұранның жобасы мақұлданды. Әрі «Даму» Қорының кепілдігінің арқасында кәсіпкер кепіл құнынан екі есе артық несие алды. Енді, Қазығұрт ауданының тұрғындары барлық отбасы мүшелеріне арналған жаңа ойын-сауық кешеніне мамыр айынан бастап бара алады. «Даму» Қорының және «Kassa Nova Банкі» АҚ қолдауыменқол жеткен кешеннің ашылуын біз 25 мамырға жоспарлап отырмыз» - дейді Берік Нұран.