«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың Бірыңғай бағдарламасы аясында Қызылорда қаласында нан және кондитерлік өнімдер шығаратын цех өз жұмысын бастады. Жобаның құрылтайшысы болған «RetailA-A» ЖШС компаниясының директоры Бейбіткүл Баймаханованың айтуынша цехтың өндірістік қуаты бір айда 75 тонна дайын өнім шығаруға жетеді және кәсіпорын жергілікті нарыққа нан мен кондитерлік өнімдердің 50-ден аса түрлерін шығарып отыр.
«RetailA-A» ЖШС негізі қаланған уақыттан бастап, тағам өнімдері саласында «Аль-Асад» сауда маркасымен бөлшек сауда-саттықпен айналысып келеді. Бүгінде компания мемлекеттік қолдау аясында жаңа өндірісті іске қосуға мүмкіндік алды. «Даму» Қорының бөлшек кепілдендіру құралын пайдалана отырып, «Бизнестің жол картасы 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында «RetailA-A» ЖШС «Сбербанк России» АҚ 22,5 млн.теңге несие рәсімдеп, жаңа заманғы қондырғылар сатып алуға қол жеткізді.
Кәсіпорын сондай-ақ субсидиялау түріндегі қолдауға да ие болды, яғни несиенің 14% үстемесінің 7% мемлекет өтеп отыр. Компанияның материалды-техникалық базасының қуаттылығы арқасында, сапалы өнімдерді тек қала шеңберінде емес, облыс көлемінде жеткізуді өзінің автобазасын пайдалана отырып жүзеге асыра алады. Қазіргі таңда, «RetailA-A» ЖШС өндіріс қуатын арттыру мақсатында мемлекеттік қолдау аясында қосымша несие қаражатын тартуды жоспарлап отыр.
Ескере кетсек, жобаның жүзеге асуы барысында кәсіпорында 35 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылды.