Рахманқұлова Гүлнар Әйкешқызы «Тамерлан» атты жеке кәсіпкерлік нысанын 2015 жылы ресми түрде тіркеді. Ол кезде кәсіпкер Семей қаласындағы «Рассвет» сауда үйінде «Секонд хенд» бағытындағы киім бөлімін сатып алған еді. Гүлнараның негізгі келушілері көрші бөлім сатушылары еді. Осылайша, тұрақты клиенттері болғандықтан, заттар түрі де жиі жаңарып, бөлім кеңейе түсті.
Алғашында әйелдер киімін ғана сатты. Сосын ерлер мен балалар киімін де алып келе бастады. Одан кейін сырт киім де қосылды. Гүлнар сауда жасап, жұбайы көтерме бағамен тауар сатып алып келумен айналысты.
Бұл ретте Гүлнар Еуропаның жаңа киімдерін ғана алып келуді мақсат тұтты. Яғни ол Еуропа дүкендеріндегі сатылымнан алынып тасталған, киілмеген киімдер еді. Осылайша сапасы Еуропа, бағасы арзан киім іздегендер Германия мен Британия өндірушілерінің тауарына қол жеткізе бастады.
Іс оңынан жүріп, сауда қызып берді. Бірақ дүкен айналым қаражатынан таршылық көре бастады. Семейдегі дилерлерден аз-аздан зат сатып алу қымбатқа түсті. Осы кезде Гүлнар Алматыға өзі барып, тауар сатып алып келуге бел буды. Осы кезде ол әпкесінен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жайлы естіп және осы бағдарлама аясында Семейдегі екінші деңгейлі банктерге қаржы түскенін білді. «Тамерлан» ЖК ашылғанына 3 жыл толғандықтан, Гүлнардың несие алуға мүмкіндігі мол еді.
Гүлнар алдымен Семейдегі Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барды. Оорталық кеңесшісі Гүлнарға екінші деңгейлі банкке несие үшін өтінім беруге қажетті құжаттар жинақтауда көмек көрсетті. Маркетолог бизнес-жоспар жазып берді. Ал Гүлнараның әпкесі Зухра сол кезде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы несие алып жатқандықтан, қаржыны да осы банк арқылы алуды ұсынды.
2018 жылдың қаңтарында Гүлнар айналым қаражатын толықтыру мақсатында жылына 6% мөлшерлемемен 3 000 000 теңге көлеміндегі қаражатқа қол жеткізді. Бір айдың ішінде 6 айлық саудаға жететін тауарды көтерме бағамен сатып алды. Сөйтіп қаржыны мақсатты түрде жұмсағанына есеп берді. Гүлнараның жаңа шкафтар мен ілгіштер сатып алуына тура келді. Себебі оның бөлімшесі кем дегенде 2 есеге ұлғайды.