Продолжается прием заявок на участие в Конкурсе стартап-проектов «Startup «Bolashak»

Анонсы
01.08.2016

«Болашақ» Қауымдастығы мен «Даму» Қоры ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған республикалық бизнес жобалар байқауының ашылғанын жариялайды. Байқау қазақстандық жастардың кәсіпкерлік бастамаларын жан-жақты қолдауды көздейді.

Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен, 18-29 жас аралығындағы кәсіпкерлер қатыса алады. «Болашақ» Қауымдастығы I орын үшін 7 млн теңге, II орын үшін 6 млн теңге және ІІІ орын үшін 5 млн теңгелік 3 грант тағайындаған.

Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Даму Бағдарламасының «жасыл экономика» саласындағы стартаптарын жүзеге асыру үшін 15 млн теңгелік гранттары да беріледі.

Үздік идея авторлары инвесторлардан инвестиция ала алады және оларға «Даму» Қоры қолдау көрсететін болады.

Байқауға қатысуға арналған өтінімдер 23 қыркүйекке дейін (қоса алғанда) қабылданады. Құжаттарды «Даму» Қорының барлық өңірлерде ашылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары қабылдайды. Жеңімпаздар 26 қараша күні өтетін Бизнес-жоспарлар марафонында белгілі болады.

«Startup «Bolashak» байқауын Республикалық телеарналардың бірінде реалити-шоу форматында тамашалауға болады.

«Болашақ» Қауымдастығының стартап жобалар байқауы жастардың бизнес саласындағы бастамаларын қолдау құралдарының бірі ретінде Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлттық Жоспарын жүзеге асыруға бағытталған.

Байқау барысы мен өтінім беру туралы толық ақпаратты www.bolashak.kz сайты мен байқауға арналған парақшадан біле аласыздар.

Байқаудың ұйымдастырушылары мен әріптестері: «Болашақ» Қауымдастығы, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту Қоры, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Даму Бағдарламасы.

Демеушілер: «KazInvestBank» АҚ және «Qazaq Banki» АҚ.

Қосымша сұрақтар мен өтінім беру үшін «Даму» Қорының аймақтық филиалдарына хабарласу керек.

Анықтама:

«Startup «Bolashak» байқауы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Болашақ» Қауымдастығының «25 Қайрымды Іс» жобасы аясында бизнес ортаны дамыту бағытында өткізіледі.

Жоба бизнес ортаны жақсарту, қоршаған ортаны қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, қайырымдылық, дене шынықтыру мен спортты дамыту, мәдени және патриоттық іс-шаралар секілді 8 бағытты қамтиды.

Жастар кәсіпкерлігін дамыту - «Болашақ» Қауымдастығының 2015 жылы қабылдаған Даму Стратегиясының маңызды бағыттарының бірі. Оның ішінде білім трансфері, қайрымдылық және саламатты өмір салтын насихаттау да көрсетілген.