menu
Жабу

Ақтөбеде пантокринмен емдеу шипажайы ашылды

Жаңалықтар
26.06.2018

Еліміздің батыс өңірі бойынша бұрын-соңды болмаған марал өсіру ісі алғаш Ақтөбеде қолға алынды. Мәртөк ауданының Қазан ауылында «Зәру» пантоемдеу шипажайы ашылған.  
Марал шаруашылығына субсидия беріледі
Бұл шипажайдың жобасын осыдан тура бір жарым жыл бұрын Мәртөк ауданына жасаған сапарында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа отбасылық бизнестің иелері Ертарғын мен Бану Тілегеновтер таныстырған еді. Сол кезде облыс басшысы Ақтөбеде бұрын-соңды болмаған марал шаруашылығын ашуға ниеттенген кәсіпкерге бұл іс үлкен жауапкершілік пен үлкен тәуекелді қажет ететінін айта келе, қолдау танытқан еді. Енді, міне, тура бір жыл дегенде Ақтөбеде марал мүйізімен емдеу шипажайы халық игілігіне берілді. 

— Біз ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрін дамытуымыз керек. Сиыр, қой, жылқы, шошқа өсіріп қана қоймай, оның басқа да түрлерін өсіруіміз қажет. Себебі Ақтөбенің табиғаты жануарлардың өзге де түрлерін өсіруге қолайлы. Кәсіпкер Бану Ғалиқызына осындай ұсыныс жасалған болатын. Осыдан тура бір жарым жыл бұрын Мәртөкке кіреберіс тұста бұл кісі маған марал шаруашылығын ашу турасында таныстырылым жасады. Сонда мен оған «Сіз байқаңыз, марал өсіру оңай шаруа емес. Марал — қасиетті мал. Бұл жай жануар емес», — дегенмін. Бану Ғалиқызы мен жолдасы екеуіне үлкен рақмет, олар бір жыл бойы Шығыс Қазақстан облысына барып, ондағы марал шаруашылығында болып, мамандармен жақын танысты. Былтыр Ақтөбеге 150 марал әкелді. Осы жерден жер берілді. Бұл кісілер сол жерді түгелдей қоршап, қасына керекті орындарды салды. Жақында марал шаруашылығында болдым. Шынын айтсам, маралдардың біразы өліп қалған шығар деп ойладым. Жануарлардың қаншасы қалғанын сұрағанымда: «Бірде-бірі өлген жоқ, бәрі тірі», — дейді. Сөйтсем, менікі дұрыс емес екен. Мен таңғалдым. Ендеше, Ақтөбенің табиғатында марал өсіруге болады, — деген облыс әкімі тұрғындарды ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрін дамытуға шақырды.

Бердібек Машбекұлы өз сөзінде шаруашылықты дамытумен қоса, марал өнімдерін ұтымды пайдалану керектігін айтты.

«Шығыс Қазақстанда, жалпы Алтайда маралды адамның денсаулығын жақсарту үшін өте жақсы пайдаланады. Бұл кісілер шаруашылықты осы мақсатта ашып отыр. Бұл — тек Ақтөбеде ғана емес, батыс өңірінде бірінші марал шаруашылығының, екіншіден — марал өнімімен емдейтін орталықтың пайда болуымен ерекшеленеді. Бұл орталыққа бүгін ақтөбеліктер келсе, ертең көрші мемлекеттерден де ем алушылар келеді деген ойдамыз», — деп Бердібек Машбекұлы Шығыс Қазақстан облысында қызмет еткен жылдарында республикалық марал шаруашылығы палатасының төрағасы Нұрлан Тоқтаровпен бірге елімізде бірінші болып марал және ара шаруашылығын дамыту турасында бағдарлама құрғанын, сол бағдарламаның Елбасы тарапынан қолдау тапқанын айтты.
— Жапондықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы — 82 жыл. Неге? Себебі, олар мектеп жасындағы балаларға 15 грамм бал мен 200 грамм сүт береді. Жапонияда бал да, сүт те жоқ. Шығыс Қазақстанда біз осы тәсілді жасадық. Сондықтан біз неғұрлым дәстүрлі емес шаруашылықты дамытсақ, соғұрлым бай боламыз. Неге біз өз-өзімізді балмен қамтамасыз етпейміз? Оған мүмкіндігіміз бар. Биылдың өзінде ақтөбелік омарташылар 170 мың тонна бал жинаған. Бұл — жақсы көрсеткіш. Бүгінгі күні Ақтөбеде омарташылардың кооперациясын құру жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Оларға мемлекеттен субсидия беру ісі де қарастырылуда. Сол сияқты марал шаруашылығына да облыстық бюджеттен субсидия беру жағын қарастырамыз. Бұл — бірден өз жемісін бере қоймайтын, шығын туғызатын бизнес. Мұны біз түсінеміз, сондықтан алғашқы кезеңде әрдайым қолдау танытуымыз керек, — деген облыс әкімі ақтөбелік кәсіпкердің бұл бастамасына өз ризашылығын білдіріп, Қазан ауылынан шипажайға дейінгі аралықтағы жол құрылысын салуға қолдау танытатынын айтты.
Қазақстанда 23 марал шаруашылығы бар
Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай өлкесі — маралдар мекені. Осы өңірдің перзенті әрі Қазақстанда марал шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген республикалық марал шаруашылығы палатасының төрағасы Нұрлан Тоқтаров салтанатты шараның қонағы ретінде шақырылды. Өзінің құттықтау сөзінде ол: «Бүгін біз тек Ақтөбе ғана емес, Қазақстан үшін маңызды істің куәгері болып тұрмыз. Марал шаруашылығы сонау ХIХ ғасырда Алтайдан бастау алған. Сол кездері Қытай көпестері аңшылардан жабайы маралдардың мүйізін сатып алатын болған. Егер олар екі маралдың мүйізін сатып алса, әлгі аңшыға бұл қаражат оның отбасын бір жыл асыруға жететін болған. Кейін жергілікті тұрғындар бұл шаруашылықтың қыр-сырын меңгере бастады. Сөйтіп, бұл іс халық шаруашылығына айналды. Кеңес заманында Катонқарағайда 3 кеңшар болды. Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін марал шаруашылығы көбейіп, бүгінгі күні республикада оның саны 23-ке жетті. Оның көпшілігі Шығыс Қазақстанда орналасқан. Бердібек Машбекұлы айтып кеткендей, марал шаруашылығын дамыту ісі өте күрделі әрі стандартты емес. Сонымен қоса, бүгінгі күні бұл көп шығын әкелетін кәсіптің бірі. Бізде маралдардың мүйізін кесуге байланысты өте бір күрделі уақыттар болды. Бұл бизнес осымен тоқтайтын шығар деген де ой болды. Шығыс Қазақстан облысына Бердібек Машбекұлы келген тұста марал шаруашылығына мемлекеттен субсидия берілді, сөйтіп, бұл іс біртіндеп алға жылжи бастады. Бүгінгі күні марал шаруашылығы өте жоғары деңгейде дамып жатыр. Бізде халықаралық бұғы өсірушілердің ұйымы бар. Оның құрамына Ресей, Қытай, Жаңа Зеландия, Аустралия, Швеция және Қазақстанның өкілдері кіреді. Осы ұйымның өз төсбелгісі бар. Бұл белгі бұғы шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосқан жандарға ғана беріледі, — деген Нұрлан Тоқтаров аталған ұйымның үйлестіру кеңесінің шешімімен сондай төсбелгіні Бердібек Машбекұлына салтанатты жағдайда табыстады. Сонымен қоса, қауымдастық төрағасы еліміздің батыс өңірінде бұрын-соңды болмаған марал шаруашылығын ашып, үлкен батылдыққа барған ақтөбелік кәсіпкер Ертарғын Тілегеновке де осындай төсбелгі тақты.
30 адамның жұмыс орны
Қазір Мәртөк ауданының Қазан ауылындағы шаруашылық алқабында 150 марал еркін жайылып жүр. Бұл аймақта марал өсіріп, шаруашылықты дамыту үшін 700 гектар жер бөлінді. Жалпы ұзындығы 15 шақырымға жететін аумақты жергілікті кәсіпкер қоршап та үлгеріпті. Шаруашылыққа жақын маңнан ашылған мүйізбен емдеу шипажайына барлық инфрақұрылым тартылған. Екі қабатты шипажай 50 адамға арналған. Мұнда келушілер 5-10 күн ем қабылдайды. Ем алудың тәуліктік бағасы — 20 мың.
Кәсіпкерге мемлекет пен жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетілді. Ол үшін кәсіпкер «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына қатысып, мемлекеттік қолдауға ие болған. Нақтырақ айтсақ, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы 150 миллион теңге сомасында несие қаражатына қол жеткізіпті.
— Отбасылық бизнеспен шұғылданғанымызға 25 жылдың жүзі болды. Осы жылдар ішінде кәсібімізді дамытып, ісімізді өркендету үшін Үкімет тарапынан бірнеше қайтара мемлекеттік қолдауға ие болдық. Оның ішінде, жиырма жылдан бері «Банк центр кредит» акционерлік қоғамымен тығыз байланыс орнаттық. Ол үшін түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып жүрміз. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы аталған банктен пайыздық мөлшерлемені субсидиялау негізінде қомақты қаражатқа қол жеткізіп, бұл қаржыны марал шаруашылығын дамыту ісіне жұмсадық. Тағы бір айта кететін жайт, облыстағы кәсіпкерлер палатасы бізге сервистік, құқықтық жағынан үлкен қолдау танытты. Әрине, осыншама жылдар бойы жасаған еңбегіміздің нәтижесі — жиған-тергенімізді де марал шаруашылығының аяғынан тік тұрып кетуі үшін салып жатырмыз. Қазан ауылындағы банкрот деп танылған жер телімін иеленіп, қазір осы маңда марал шаруашылығын дамытуды қолға алдық. Бұл орайда жергілікті әкімдіктің қолдауын да көрдік. Бүгінде жер учаскесі түгелдей қоршалды. Себебі маралдар қауіпсіз әрі еркін жайылуы керек. Марал өсіру шаруашылығын ашудағы басты мақсатымыз — тұрғындардың денсаулығын жақсартуға өз үлесімізді қосу, — дейді кәсіпкер Бану Тілегенова.
Қазір шаруашылықта маралдардың мүйізі кесіліп жатыр. Шипажайда маралдың сүйектенбеген жас мүйізінен панты алып, ем жүргізіледі. Орталыққа келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Арнайы ванна қабылдау, массаж кабинеттері де жасақталған. Ем алушылар үшін асхана, жуынатын бөлме, дәрігерлер кабинеттері де қажетті құралдармен қамтылыпты. Емделушілерге 4 люкс бөлме де бар. Ең бастысы, пантоемдеу шипажайындағы барлық жиһаздар ақтөбелік шеберлердің қолымен жасалған.
— Нұрлан Тоқтаровпен әлеуметтік желі арқылы танысқанбыз. Енді, міне, бүгін ол кісі біздің мүйізбен емдеу шипажайының ашылу рәсімінің құрметті қонағы ретінде шақырылды. Бұл кісінің көп ақыл-кеңесіне жүгіндік. Шаруашылықта болды. Маралдардың жайылымын өз көзімен көріп, олардың күтіп-бапталуына риза болды. Әр істі талап бойынша жүргізіп жатқанымызды айтты. Біз соған қуанамыз, — деді кәсіпкер.
Болашақта Ақтөбедегі мүйізбен емдеу шипажайында 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Дәл қазіргі күні шипажайда 20 адам жұмысқа қабылданған. Бұдан бөлек шаруашылықтың басында он шақты адам жұмыс істейді. Ол жерде жұмысшыларға барлық жағдай жасалған.
Марал мен теңбіл бұғы өсіру — марал шаруашылығының бір бағыты. Басты өнім — жануардың жас мүйізі. Одан дәрі жасалады. Бану Тілегенқызының айтуынша, марал мүйізінен алынған дәрі жүрек, қан-тамыр жүйесі, бұлшық ет пен тыныс жолдарына аса пайдалы. Белсіздікке дауа іздеген жандарға марал мүйізінің сорпасы да ем көрінеді.
Алғашқы тәжірибе, тың бастама
— Бұл — Ақтөбе облысындағы марал шаруашылығын қолға алудағы алғашқы тәжірибе. Оның үстіне, ақтөбелік кәсіпкерлер мүйізбен емдеу шипажайын ашып отыр. Бұл — бірегей жоба. Бұл орайда кәсіпкер өзіне пайда табумен қатар, бірінші кезекте аймақтағы тұрғындардың денсаулығын жақсартуға айрықша басымдық беріп отыр. Марал өнімімен емделудің тиімділігін әлем елдері біледі. Енді ақтөбеліктерге Корея мен Қытайға барып, ақша шығарып емделудің қажеті жоқ. Барлық емге қажетті процедураны осы жерден қабылдауға болады. Марал өсіруге Ақтөбе табиғаты аса қолайлы болмағанымен, кәсіпкерлер бұл жануардың барлық жағдайын жасаған. Мал азығына ерекше мән берген. Сондықтан мен мұндағы шаруашылықта бәрі ойдағыдай болатынына сенімдімін, — деген Нұрлан Тоқтаров мүйізбен емдеу процедуралары еліміздің Ақмола облысының «Оқжетпес» шипажайы жанында, Павлодар облысының «Черноярская жемчужина» демалыс үйі базасында, Маңғыстаудағы «Кендірлі» және Астана қаласындағы «Катонқарағай», Алматыдағы «Қазақстан» шипажайларында барын айтты.
Шипажайдың ашылу рәсімінде Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова, облыстағы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Күлшат Масалимовалар бизнестегі әріптесінің бұл ісіне қолдау танытатындықтарын айтып, құттықтау лебіздерін білдірді.
Салтанатты шарада лента қию рәсімінен кейін облыс әкімі бастаған топ шипажайдың ішін аралап көрді. Бұл жерде облыс әкіміне шаруашылық базасында марал мүйізін кесу жұмыстарының таныстырылымы экран арқылы көрсетілді.
http://www.aktobegazeti.kz/?p=67496