Ақтөбе қаласының «М-Стиль» баспаханасында ТМД бойынша жалғыз «Miyakoshi MLP-13C» заманауи техникасы бар. «М-Стиль» компаниясының директоры Меңдіғали Жұмағұлов бұл техниканы «Даму Өндіріс» бағдарламасы шеңберінде «ЯМ Интернешнл (ТМД)» компаниясы арқылы сатып алған. Жаңа техника сапалы этикетка басып шығарады, құны 700 мың евро тұрады.
Экономиканың өңдеу саласында жұмыс істейтін, соның ішінде қағаз және қағаз бұйымдарын, этикеткалар, орамалар, басқа да дайын бұйымдар шығаратын «М.Стиль» баспаханасы «Центр кредит банк» арқылы қаражат алды.
— Бұған дейін де осы банк арқылы несие рәсімдеп, құралдар алдық, ғимарат салдық. Бұл жолы да Даму-Өндіріс» бағдарламасы туралы естіп, құны 700 мың еуро тұратын жобаны жүзеге асыруға ыңғайлы екенін түсіндім. «Даму» қорының жергілікті филиалына барғанымда қызметкерлер бағдарламаны толық түсіндіріп, құжат жинауда бастан-аяқ көмектесті. Егер банктен қаражатты тікелей алсам, оны 18 пайыз жылдық мөлшерлемемен қайтаратын едім, ал «Даму-Өндіріс» арқылы алған несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 6 пайыздан көп емес. Әрі қаржы сомасы көп болғандықтан, банкке беретін қосымша кепілдік қажет болды. Үйімізді, баспахана ғимаратын кепілге қойғанымызбен, жетпеді. Бұл жолы бізге «Даму» қоры көмектесті. Құжаттарды көктемде дайындай бастадық, қаражат сомасы үлкен болғандықтан, ұзақ дайындық жүрді. Келесі жылдың басында құжаттар толық дайын болып, осы машинаны алу үшін Жапонияға бардым. Шыны керек, мұндай мемлекеттік бағдарламаларға бұрын-соңды мән бермеген едім. Осы жолы бастан-аяқ зерттедім, мемлекеттің қолдауы зор, кәсібін дамытамын, ісін бастаймын дегендерге мұндай бағдарламалардың берері көп, — дейд М.Жұмағұлов.
Германияның Дюссельдорф қаласында өткен полиграфиялық, баспа және қағаз өндірісі саласындағы халықаралық «Drupa» көрмесінде ақтөбелік «М.Стиль» баспаханасы мен жапонияның «ЯМ Интернешнл (ТМД)» компаниясының өкілдері жабдықты сатып алуға қатысты келісім-шартқа салтанатты түрде қол қойған-ды. 2017 жылдың басында М.Жұмағұлов Жапониядағы Miyakoshi зауытына барып, машинаны алып қайтты.
— Біздің жетістігіміз — жақсы маман болғанымызда. Екеуміз де қара жұмысшымыз. Полиграфия ісінің қыр-сырын жақсы білеміз. Менің мамандығым инженер-механик, жолдасым Гүлнар инженер-техник. Жолдасым қазір баспаханада өндіріс басшысы. Ұлымыз Қайрат та біз оқыған институтта білім алды. Қазір осы баспаханада бас инженер. Қызымыз Америкада мұнай саласында еңбек етіп жатыр. Балаларымыз өскесін кәсіп аясын кеңейтуді мақсат еттік. Жұмысымыз жақсы жүріп, несиелерді төлеу жеңілдегесін 2007 жылы қала ішінен жер сатып алдық. «Центркредит» банкінен несие алып, құрылыс жүргіздік. Ал өткен жылы тұтас ТМД-да бірінші болып өте сапалы машинаға қол жеткіздік, — дейді М.Жұмағұлов.
Мен скептикпін, сондықтан, кәсіпкерлік туралы толып жатқан теориялық кітаптарды оқымаймын, бизнес-тренингтерге қатыспаймын. Тек еңбекпен ғана, таза маңдай термен ғана жетістікке жетуге болады деп есептеймін.
Жастарға айтар кеңесім: күн сайын сабақтан, жұмыстан келгеннен кейін кемінде 1-2 сағат біліміңді кеңейтуге көңіл бөлу керек. Сонда ғана сен өз қатарластарыңнан көш ілгері боласың. Дәрігерсің бе, үйге келген соң бір-екі сағат медицина саласында болып жатқан жаңалықтарды оқы, зертте, мұғалімсің бе, өз салаңа қатысты білім-білігіңді жетілдір. Үш жыл болды өз бетіммен ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Күн сайын кемінде 1-2 сағат сабақ оқимын. Осының нәтижесінде шетелдерде ірі компаниялармен келісім-шарттар жасасқанда аудармашысыз сөйлесе беремін.
P.S. Мамыр айында Меңдіғали ұлы Қайрат екеуі Миланда өткен полирафия ісі көрмесіне барып қайтты. Алдағы жылы Бельгияның Брюссель қаласында өтетін полиграфия, баспа өнімдері мен орамалар, этикеткалар көрсетілетін халықаралық Labelexpo Europe 2019 көрмесіне қатыспақ. «Мұндағы мақсатымыз — өз ісіміздің аясын кеңейту үшін, жұмысымыздың сапасын арттыру үшін әрі қарай не істеу қажеттігін бағамдау. Әлемдік стандарттарға сай болу үшін әлемдік деңгейдегі шараларға мүмкіндігінше қатысу керек», — дейді М. Жұмағұлов.
http://www.aktobegazeti.kz/?p=67206