04.07.2018
Сайтымызда табыстылар тарихы жайлы жазба аз емес.
Жайлы өмірін бір күнде өзгертіп, бизнеске бет бұрған жандардың жетістігі жайлы материалдарымыздың бүгінгі жалғасы - көкшетаулық кәсіпкер Ләйлә.
Ләйлә Жұмабаева 17 жылын банк қызметіне арнаған жан. Кассирден бастап, бөлімше бастығына дейін көтерілді. Абыройлы қызметтің «әттеген-ай» деген тұсы – отбасымен бірге өткізетін кештердің аздығы еді. Жауапкершілікті жақсы түсінетін ол жұмыс соңында кеңеседе жиі қалатын.
Ләйлә өмірін өзгертуге бірден бел буды.
2017 жылдың наурызында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы бойынша білім алды. Дәл осы курстан кейін Ләйлә банкті тастап, бизнеске кететінін түсінді.
Сол жылы көктемде «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша несие алуға тырысып, «Даму» қорының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына өтініш білдірді.
Алдымен әйелдерге арналған Италиялық бренд киімдер бутигін ашуға шешім қабылдады. Ләйлә әдемі әрі сапалы киім сатып алуды жақсы көреді. Бірақ Көкшетауда мұндай киімдерді сатып алатын жерлер өте аз және де бағалары өте жоғары. Ләйлә Италиядан киім әкеліп, үстеме бағаны аз қосып сатуды бастады.
Дүкен ашу үшін несие қажет болғанда кәсіпкер Сбербанкке құжат тапсырды. Банк кепілге жылжымайтын мүлік талап етті. Туыстарының пәтерін кепіл етіп, жетпегеніне «Даму» қорынан несие сомасының 85%ы-на кепілдік алды. Сөйтіп, 2017 жылдың соңында несиеге қол жеткізген ол «Алтын ғасыр» орталық әмбебап дүкенінен әйелдердің @fashion_look_kokshe атты бутигін ашты.
Қазір Ләйлә бизнеске кеткеніне өкінбейді.
- «Әрине, қиындықтар болды. Бірақ өзіне деген сенімің болса және жақындарың қолдап тұрса – кез келген қиындықты жеңе аласыз»,- дейді ол.