menu
Жабу

«Best Milk» компаниясы мемлекеттің қолдауымен өңір нарығының 40%-ын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр

Жаңалықтар
10.07.2018

«Best Milk» компаниясының даму тарихын отбасылық бизнесті дамыту тарихы деп те атауға болады. Компания негізін ерлі-зайыпты Игорь Зуенко мен Марина Рейдина қалаған. Компания директоры Игорь Евгеньевич қаржы жағына жауап берсе, Марина Валентиновна сапа бойынша директордың орынбасары ретінде өндіріс мәселелерімен айналысады.
2012 жылы Қашыр ауданының Береговой ауылында алғашқы сүт цехын ашты. Ол кезде зауыт тәулігіне 1 тонна сүтті ғана өңдей алатын. Ерлі-зайыптылар зауыт ашқаннан кейін, мұндай мөлшермен жұмыс істей берсе бұдан әрі дами алмайтынын түсініп, Екібастұз қаласынан жалға зауыт алады да, 10 түрлі өнім шығарып, жеті тонна сүт өңдей бастайды. Көп кешікпей кәсіпкерлер бұны да азсына бастады. Екі жарым жыл бұрын отбасы Павлодардағы жеті жыл бос тұрған зауытты сатып алады.

2016 жылдың 5 қаңтары. Игорь Евгеньевич пен Марина Валентиновна үшін ерекше күн.

Бұл - Павлодар қаласындағы жекеменшік сүт зауытының ашылған күні. Компания біраз табысының сырын «Даму» Қорының қолдауымен байланыстырады. Кәсіпорын «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы, өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнесді қолдауға бағытталған «Даму-Өндіріс» бағдарламасы шеңберінде сүт зауытын сатып алып, тіпті кәсіпорынға жаңғырту да жүргізді.

- «Біз алғаш «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша Цесна банктен ғимарат пен жабдық сатып алу үшін 90 млн теңге несие алдық. Бастапқыда өз сүтімізді шығара бастадық. Жақсы өте бастағанын көрген соң кеңеюге бел будық. Нәтижесінде қазір тәулігіне 3 тоннадай өз сүтімізді, 30 тоннадай жеке меншік пен шаруашылық қожалықтардан сатып алған сүтті өңдейміз, -дейді Марина Валентиновна.

Өңдеу өнеркәсібіндегі ШОБ қолдау бағдарламасы бойынша 200 млн теңге алынып, ол қаржы зауытты жаңыртуға жұмсалды. Осы бағдарлама аясында кәсіпорын дайын өнімді сақтайтын қойма кешенін, заманауи сүт қабылдау орнын, жаңа екі цех салып, сүт өңдеуге арналған арнайы техника сатып алды. «Қарызымды өтей алмай қаламын-ау» деген қорқыныш жоқ. Себебі бизнес бір орында тұрған жоқ. Ал мемлекеттік бағдарламалар дамуды қолдап отыр.
Қазір Best milk-те 80 түрлі өнім шығарылуда. Марина Рейдинаның айтуынша қатал бәсекелестік болғандықтан әрқашан жаңа өнім ойлап табуға тура келеді. Бұл - бизнестің қозғаушы күші. Нарықты бұдан әрі де жаулап алу үшін 20 түрлі құрт (таблетка түрінде, бұрыш пен тмин қосып, тұщы, қышқыл-тұщы, тәтті, қақталған) шығаратын жаңа жүйені іске қостық. Жақын арада павлодарлықтар инновациялық идеялардың сапасын бағалап, дәміт тата алатын болады.
Игорь Зуенконың айтуынша павлодарлық нарықтың 40%-ы импорттық өнімнің еншісінде. Компания осы орынды өздері жауламақшы.