menu
Жабу

Семей қымызы – тәнге шипа, жанға дауа

Жаңалықтар
27.07.2018

Қымыз – көнеден келе жатқан сусын. Біздің эрамызға дейінгі V ғасырда грек тарихшысы Геродот сақтарды сипаттай келе, «олар жылқы сүтінен дәмі тіл үйірер сусын жасай алады» деп жазған.

Қазақтың жанындай болып кеткен бұл сусынды Семейдегі «Торғай» шаруа қожалығында да дайындайды. Ал қымыз өндіру көлемін арттыруға мемлекеттің қолдауы арқасында қол жеткізді. Атап айтқанда Шығыс Қазақстан кәсіпкерлеріне арналған «Ақ ниет» атты аймақтық бағдарлама аясында несие алып, мал басын көбейтті.

«Торғай» ЖК 2002 жылы Семей қаласының маңындағы ауылдардың бірінде шаруа қожалығы ретінде тіркелген. Қожалықта 5535 гектар жайылым бар. Жартысы шабындық. 2017 жылы мұнда 153 бас жылқы мен 627 бас ірі-қара болған. Бұл шаруашылықтың атағын малы мен еті емес, сүті шығарды. Бие сүті құтыға құйылып үнемі «Береке» дүкеніне жеткізіліп тұрды. Мейрамханалар мен дәмханалар да көтерме бағамен сатып алып кетіп жататын. Тек Семей қаласы ғана емес, жақын маңдағы ауылдық жерлерде де сатылатын.

Мамыр мен тамыз айының арасындағы маусым кезінде шаруашылық күніне 130-140 литр қымыз өндіретін. Ал қыркүйек пен қараша айлары арасында күніне 30-40 литрден келеді. Бие сауып, қымыз пісуге тек жұмыскерлер ғана емес, қожалық иелері де білек сыбана кірісіп кететін. Кәсіпкердің жұбайы Жанардың айтуынша, оның қымызын ел сүйсініп ішіп, сұранысқа ие болуының бір ғана себебі бар. Жанар қымызды ата-баба дәстүрі бойынша, бір тамшы артық сұйықтық қоспай, баппен ашытады. Ал кейбір пайда қуған саудагерлер сияқты сүтке су қосуды ол ешқашан ойлап та көрмеген.

Мақсатты түрде берілетін аймақтық бағдарлама жайында кәсіпкер Ернұр Уалхан Семей қаласындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барғанда білді. Дереу осы бағдарлама аясында несие алу мүмкіндігін қарастыра бастады. 7 жылға дейін берілетін несиенің 8,5% мөлшерлемесі кімді болса да қызықтырары сөзсіз. Әсіресе банктердің коммерциялық несиесінің қымбат кезінде. Зайыбы Жанармен ақылдаса келе, мемлекеттік қолдау түрлерін пайдаланып көруге келісті. Орталыққа олар қымыз ала келген. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мамандары қымыздың дәмін татып, ұнатқандары сондай - бірден талап алып кетті. Сөйтіп кәсіпкер осы жерден де біраз клиент тапты.

Несие аларда таңдау «Қазақстан халық банкіне» түсті. Банк қызметкерімен ақылдаса келе мал басын көбейту үшін 5 жыл мерзімге 10 000 000 теңге алуды шешті. Бұл сома «Даму-Блиц» технолоиясы бойынша алынғандықтан, өтінім қарау уақыты 7 күнді ғана құрады. Осы қысқа уақыт ішінде клиент мал сатушыны тауып, 34 бие сатып алып үлгерді. Қазір Жанар бие сауып, қымыз ашытуды бастап кеткен.