menu
Жабу

Таразда «Береке 2» аймақтық бағдарламасы шеңберінде кәсіпкер қолдау алды

Жаңалықтар
01.08.2018

Тараздық кәсіпкер Жамандықова Қарлыға Байсбайқызы 2017 жылдың тамыз айында заманауи сауда орталығын салу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы 28 млн теңге несие алды. Несие Жамбыл облысының шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыратын «Береке 2» аймақтық бағдарламасы аясында рәсімделгендіктен, пайыздық мөлшерлемесі 8,5% құрады.

Қарлыға кәсіпкерлікпен 1995 жылдан бері айналысып келеді. Жұбайы екеуі әу баста істерін жүк тасымалдаудан бастаған болатын. Өздері жинаған қаражат пен кәсіптен түсіп жатқан кірістің басын қосып, 2003 жылы азық-түлік дүкенін салды. Үш жылдан кейін Қарлыға екінші дүкенін де ашты.

2016 жылы бірінші дүкенге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қайта жаңартпақ болды. Біраз уақыттан бері пісіп-жетілген жоспары бойынша, ол дүкеннің орнына кішігірім, бірақ заманауи сауда орталығы салынуы керек еді. Ойдағысын жүзеге асыру үшін іске кірісіп кеткен кәсіпкер 2017 жылдың шілде айында құрылыс жұмыстарын аяқтауға қаражаты жетпейтінін байқап, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Жамбыл облыстық филиалына жүгінді.

Дәл сол уақытта «Береке 2» бағдарламасы бойынша қаражат банктерге салынып, клиенттерге ұсынылған болатын.

          Нәтижесінде, 2017 жылдың тамызында жоба банктің мақұлдауын алып, қаржыландырылады және құрылыс жұмыстары сәтті аяқталды. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап «Бейбіт» дүкені барлық келушілерге есігін айқара ашты.

 

          Естеріңізге сала кетсек, Жамбыл облысының кәсіпкерлеріне «Береке 2» бағдарламасы шеңберінде өз кәсіптерін дамытуға 50 млн теңгеге дейін 8,5% пайыздық мөлшерлемемен несие алу мүмкіндігі бар. Сала бойынша шектеу жоқ.

          Осы мүмкіндікті пайдалануға асығыңыз!