Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті қабырғасында «Start up Академия» жобасы шеңберінде стартап жобалар байқауының екінші кезеңі өтті. Жалпы байқауға 36 адам қатысып, оның ішінде 15 стартап жоба байқау комиссиясы алдында жобаларын қорғады.
Қорғаудан өткен жобалар ішінде: пиццерия ашу, қазақтың ұлттық қолөнері бойынша сандық жасау, ландшафтты дизайн, әйелдерге арналған фитнес орталығы және басқа да қызықты жобаларды атап өтуге болады.
Жобаларды сынақтан өткізген арнайы жюрилер құрамы облыстың белді кәсіпкерлерінен, банктің білікті мамандарынан, кәсіпкерлердің әртүрлі Ассоциацияларының жетекшілерінен, облыс бизнес-тренерлерінен құралды. Жюри мүшелері байқауға қатысушы жобаларды стартап жаңашылығы, нарықта сұранысқа ие болуы, бәсекелестікке төтеп беруі мүмкіндігі, экологиялық тиімділігі, әлеуметтік маңызы, өзін-өзі ақтау мерзімі, жаңа жұмыс орындарының ашу мүмкіндігі сияқты критериялары бойынша бес балдық жүйемен бағалады.
Байқау қортындысы бойынша жеңімпаздары болып «L1NK» электрондық сауда платформасы жобасын бірлесіп қорғаған Тайджумаев Адилет и Кунарбаев Хамит танылды. Аталмыш «L1NK» платформасы тиімді ұсыныстарды табуға мүмкіндік беретін электрондық саудалар жүргізуге арналған. Сонымен қоса қызмет немесе тауар сатып алушылары мен жеткізіп берушілері арасында сыбайлас жемқорлық фактілерінің болуына жол бермейді.
Жюри мүшелері байқауға қатысушы әрбір жоба өз алдына ерекше болғандығын және жеңімпазды таңдау өте қиынға түскендігін атап өтті.
Жеңімпаз деп танылған жобаларға облыс кәсіпкерлеріне, екінші деңгейлі банктерге және жергілікті атқарушы орган өкілдеріне қолдау көрсетіп, қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Өткізілген шара жас кәсіпкерлердің елімізде жаңа бизнес түрлерінің ашылуына себепкер болатын үлкен әлеуеті екендігін дәлелдеп берді.