Маңғыстау облысының «Болашақ» стансасына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жолға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы келді. Республикалық шараның мақсаты Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген жетістіктерімен таныстыру, халық бірлігін нығайту, мемлекет дамуының негізгі қағидаттары аясында қоғамды біріктіру, әлеуметтік және қоғамдық-мәдени іс-шаралар өткізу.
«Болашақ» стансасы 35 елді-мекен ішіндегі жиырмасыншы бекет болды. Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Болашақ ауылы «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс бөлігі «Қазақстан-Түркменстан-Иран» темір жолының «Жаңаөзен-Қазанджик» бөлігінде орналасқан Болашақ шекаралық темір жол стансасы базасында 2012 жылы құрылған болатын. 2016 жылдың 1 қыркүйегіне бұл жерде 516 адам тұрып жатыр.
25 қараша күні шараға қатысушылар ҚР мәдениет және спорт, ғылым және білім, әділет, ұлттық экономика, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, ақпарат және коммуникация, ауыл шаруашылығы, ішкі істер министрліктерінің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, этномәдени бірлестіктерінің мүшелері және ҚХА «Қоғамдық келісім» РММ, «Атамекен» ҰКП, «Даму» КДҚ, ҚР Кәсіподақ федерациясы жастар Кеңесінің сарапшылары, медициналық, әлеуметтік, құқықтық қызмет көрсету, сондай-ақ кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар бойынша консультативтік қызмет көрсетті. Пойыз жұмысының басты бағыты – халықтың барлық санатына, соның ішінде әлеуметтік аз қамтылған топқа, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, еліміздің алыс елді-мекен тұрғындарына ерекше көңіл бөлу.
Қарақия ауданының кәсіпкерлеріне арнап, әкімшілік ғимаратында кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге «Даму» КДҚ, «КазАгро» ҰБХ, Атамекен ҰКП және жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. Аудан кәсіпкерлеріне «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының талаптары мен шарттары таныстырылды.