Алматыда шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына пресс-тур өтті. Журналистер мемлекеттік қолдаудың арқасында жетістікке жеткен қонақ үй, медицина, автожөндеу, фитнес секілді бизнес нысандарын аралады.
Пресс-турға кәсіпкер, «Даму» Қорының тәуелсіз директоры, «Arman Holding» халықаралық холдингінің негізін қалаушы және президенті Серікбай Бисекеев, Қордың Алматы қаласы бойынша аймақтық филиалының директоры Алмат Нұрахметов, бас менеджер Зәуре Кәрменова қатысты.
Әйелдерге арналған TonusAsia («Мажор» ЖШС) спорттық орталығы 2013 жылдың қыркүйегінде ашылған. Алғашында кәсіпкер өз қаржысына жаттығу залға арналған құрал-жабдықтар алған болатын. Дегенмен, кеңею кезінде қосымша қаражат қажет болды. Кәсіпкер банк пен «Даму» Қорына келді. 7 %-бен алынған 55 млн теңге несие мен Қордың кепілдемесі бизнестің қанатын қатайтуға сеп болды.
- «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасына қатысудың арқасында фитнес-орталықтың аумағын кеңейтіп, топтық жаттығулар үшін зал ашып, бассейн, сауна, себезгілеп жуынатын қосымша бөлмелер салуға мүмкіндік туды. Нәтижесінде көрсететін қызмет түрлерін көбейтіп, жаңа клиенттер тартып, жұмыскерлер санын екі есеге арттыра алды,-дейді кешеннің басқарушы директоры Ирина Сагунова.
Сондай-ақ журналистер 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан NOVA Medical Centre (ТОО «Centre Nova Diagnostic») Медициналық диагностикалық орталығын да аралады. Орталық Қазақстанның алты қаласында да қызмет көрсетеді. 2010 жылдың шілде айынан бастап Қызылорда, Өскемен, Қостанай, Талдықорған, Семейде филиалдарын ашқан компания 2015 жылдың желтоқсан айында Алматыда да медициналық орталықтың есігін айқара ашты. Жаңарту жұмыстарына деген қаржы тапшылығы болған кезде банктен 241 млн 800 мың теңге несие алып, оның он төрт пайыздық мөлшерлемесін 7 пайызға дейін субсидия арқылы төмендете алды.
- «Біз несиені теңгелей, пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау арқылы алдық. Қаражат ультра дыбыстық зерттеу құралына жұмсалды. Алматыдағы алтыншы филиалдың ашылуы 20-дан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ соңғы үлгідегі МРТ нақты диагноз қоюға таптырмас құрал. Біз болашақта мемлекеттік қолдаудың көмегімен барлық филиалдардағы құралдарды жаңғыртпақпыз,-дейді «Centre Nova Diagnostic» ЖШС қаржы директоры Анар Сырымбетова.
2008 жылы кәсіпкер Федор Омаров ТЖО құрылысын аяқтады. Бүгінде «Valvoline» орталығының қызметіне 350 мекеме мен жеке тұлғалар жүгінеді. Мұндағы мамандар айына шамамен 850-1000 автомокөліктерді қарап шығады. «Valvoline» автоқызмет орталығы еуропалық стандарттар бойынша замауи құралдармен жұмыс істейді. Мұнда 16 көтергіш құрал орнатылған. Олардың бірі 6 тонналық көліктерге дейін көтере алады. Жылдам май ауыстыратын 6 бірдей бекет, «BOSH» жабдықтарында компьютермен диагностика жасау, компьютерлік геометрия құралдары, дөңгелек жөндеу орындары бар. «БЖК 2020» бағдарламасының аясында «Омаров Ф.С» ЖК 7 пайыздық қолайлы несиеге қол жеткізіп, айналым қаражатын 3 жылға 60 млн теңге толтырды.
Тағы бір ерекше жобаны «Сәлем отель менеджемент» ЖШС ұсынып отыр. 1 565 100 000 теңге несиеге 165 орындық «Ramada» атты кешен тұрғызылды. 13 344,5 шаршы метрлік қонақ үй 2014 жылы ашылды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған нөмірлер, бассейн, спа-орталық, жаттығу залы, мейрамхана, паркинг қарастырылған.
Кейіннен компания басшылығы Қорға тағы қолдау сұрап келді. Бұл жолы «БЖК 2020» бағдарламасы аясында 14 пайыздық мөлшерлемені 7 пайызға дейін субсидиялаған 454 000 000 теңге несиенің арқасында қонақ үй заманауи жабдықтарға толды. Бүгінгі күні қонақ үйде 145 маман жұмыс істейді.