«Даму» Кәсіпкерлікті дамыту Қорында Басқарушы директор–Басқарма мүшесі Ғабит Лесбековтың кәсіпкерлермен онлайн кездесуі өтті. Жиында ШОБ қолдауға бағытталған қандай бағдарламалар бар, кепілзаты жетпеген іс бастаушы кәсіпкерлер не істеуі керек деген сияқты көптеген өзекті мәселелер көтеріліп, бизнес өкілдерін толғандырған сұрақтарға жауап берілді.
Онлайн кездесу кезінде Қордың аймақтық филиалдары бейне желіге онлайн қосылып, ондаған кәсіпкерлер тікелей эфирде пікір-алмасты. Бір сағаттан астам уақыт ішінде 12 сұрақ қойылып, Алматы, Маңғыстау, Павлодар және Қостанай облыстарының кәсіпкерлері тұщымды жауап ала алды.
Алматылық кәсіпкер Айсұлу Молдахметова кілам тазалау орнын ашқысы келеді. Айсұлуда кепілзат ретінде Астанада пәтер бар. Тек іс бастау үшін қай бағытта әрекет ететінін ғана білмейтін еді. Оған Қор кеңесшілері аймақтық «Жібек жолы» бағдарламасына қатысуға кеңес берді. Негізгі талап – кәсіпорын Алматы қаласында тіркеліп, осы қалада ғана әрекет етуі керек болатын. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі 7% құрайды. Кепілдеме ЖК тіркелгеніне 3 жыл толмаған болған жағдайда ғана беріледі.
Сондай-ақ, Астана қаласының тұрғыны Бекжан «қазір елордада такси паркін ашу тиімді жоба деп санала ма, бұл жобаны қолға алған жағдайда Қор қандай көмек көрсете алады»,- деген сауал қойды. Кәсіпкерге такси паркі – «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының аясындағы басымдық берілген бағытқа жататындығы айтылды. Жобаны жүзеге асыру үшін өтінім беріп, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түріндегі қолдау алатынын, кепілзаты жетіспеген жағдайда «Даму» Қоры кепілдеме беретінін түсіндірді. Ісін жаңа бастаушы кәсіпкерлер үшін Қор несиенің 85 пайыз көлеміне дейін кепілдік берілетінін айта кету керек.
Кәдесыйлар жасаумен айналысқысы келген кәсіпкерге «Даму» Қоры қандай көмек бере алатыны туралы да осы жиында айтылды. Басқарушы директор Ғабит Лесбеков G-Global сайтында желі қолданушыларының бірінен келіп түскен сұраққа жауап бере отырып, өңдеу саласы «БЖК 2020» бағдарламасы аясында басымдық берілген сала болып саналатыны, Қор аталған сала бойынша несиені субсидиялап немесе «Даму-Өндіріс» бағдарламасы аясында 6 пайызбен несиелейтінін айтты. Мұнымен қатар, кәсіпкерлерге қаржылық емес көмек аясында арнайы тегін семинарлар да қарастырылған.