19 жастағы Ақтөбелік кәсіпкер жұмсақ ойыншықтар тігуді армандайды

Жаңалықтар
06.04.2016

30 наурыз күні Ақтөбе облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Жаңа кәсіп ашуды қолдау» жобасы бойынша семинарға қатысушылар бизнес-жобаларын қорғады.

Бизнес-жоспарларды старт-ап бастамаларды қаржыландырушы екінші деңгейлі үш ірі банктің өкілдері мен кәсіпкерлерден тұратын қазылар алқасы қарады.

Жастар бірқатар қызықты жобалар ұсынды. Олардың ішінде палау басу, тюнинг-тігін орнын ашу, тоқыма киімдер өндіру, түрлі жұмсақ ойыншықтар шығару, жарнама түрлерін ұйымдастыру және т.б. ұсыныстар болды.

Әділқазылар шешімімен, байқау соңында 4 жоба іріктеліп алынды. Олар: тұрмыстық дүкен ашу, тюнинг-ателье, жарнамалық өнімдер мен жұмсақ ойыншықтар шығару. Қазылар алқасы жобалардың тек бәсекеге қабілеттіліктерін ғана қарап қоймай, бизнес-жоспардың қалай дайындалғаны мен алдын-ала жасалған келісім шартқа да баса назар аударды. Оң шешім тапқан жобаның бірі - 19 жастағы Ақылбек Кәкімжанның жұмсақ ойындықтар шығару ісі болды. Жоспарын жүзеге асыру үшін оған бастапқы кезеңде құрал-жабдық, материал сатып алуға 1 млн теңге керек. Жас кәсіпкер болашақта тауарын өткізетін жерлермен алдын-ала келісім жасап та қойған.

Қалған қатысушыларға жоспарларын әлде де толықтырып, түзету керектігі айтылды.

Байқау жеңімпазы атанған 4 жоба иесіне бизнестерін қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерге жолығу ұсынылды. Мұнымен қатар олар болашақта «Даму» Қоры өткізетін онлайн-оқуға тегін қатысатын болады.