«Студент жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау» атты жаңа жобаның бірінші кезеңі аяқталды.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университетімен арада меморандумға қол қойылып, жоғары оқу орнында арнайы хабарландыру ілінгеннен бастап студенттер аталған жобаға қызығушылық таныта бастады.
Түрлі факультеттерден жиналған, өмірге деген көзқарастары әр түрлі, түрлі салада білім алып жатқан 25 студент «өз ісін ашу» деген арманға бір табан жақындау үшін бір дәрісханада бас қосты. Олар 6 күн бойы бизнес-тренер Марина Те мен Роза Бурковскаяның ауыздарынан шыққан әр кеңесін мұқият тыңдаумен болды.
Оқудың әр күні өткен сайын қатысқан студенттердің бойындағы өзгерістер айқын көріне бастады. Олардың көздерінің жайнап, ішкі мүмкіндіктерінің ашылғанын, бастарына түрлі идеялар келе бастағанын аңғару қиын емес еді. Егер тренингке дейін олардың бизнес жайлы пікірлері біржақты, жайдақ болып келсе, оқу аяқталар көп мәселені есеппен талдайтын жағдайға жетті. Қағаз жүзіндегі білімдері тәжірибемен нығая түсті деуге де болады. Студенттер кәсіпкерліктің заңнамалық қырлары, бизнес-жоспар дайындаудың тәжірибелік жұмыстары, нарықты зерттеу, маркетинг пен сату жоспарлары, нарықтық мүмкіндік сараптамалары және маркетинг, бизнес жүргізуде жаңа ақпараттық-коммуникацялық технологияларды пайдалану, кәсіпкерлікке деген ішкі және сыртқы уәждеме, кәсіпке салатын қаржы табу, тәуекелдер секілді көптеген тақырыптарды қаузады.
Оқу аяқталған соң студенттерге сертификаттар берілді. 11 наурыз күні жастардың арасында іріктеу байқауы өтпек. Үздік бизнес-жоба ұсынған төрт студент тәжірибелік онлайн-оқуға баруға мүмкіндік алады.