menu
Жабу

Мүгедек кәсіпкердің шексіз мүмкіндіктері

Жаңалықтар
02.02.2017

Байқоңырлық кәсіпкер бірінші топ мүгедегі болғанымен, үш бірдей жұмысты тындырып жүр. Айшолпан Қайдулова инватаксиде диспетчер болып жұмыс істеп қана қоймай, үйден маникюр қызметін көрсетіп, түрлі тағамдар пісіретін өзінің шағын бизнесін де дөңгелетіп отыр. Осыдан екі ай бұрын «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында қолдау алған Айшолпан, өзінің жетістіктерімен бөлісті.

Өмірінде ауру-сырқаудан хабары болмаған 23 жастағы Айшолпан бір сәтте-ақ тағдыр тәлкегіне ұшыраған. Осыдан үш жыл бұрын болған қайғылы жағдайдың кесірінен, жас әрі сұлу қыз мүгедектер арбасына таңылды. Айшолпан Қызылорда медициналық колледжін бітіргенімен, өзі таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеу бұйырмады. Төрт қабырғаға қамалып, дәрігер болам деген арманына да балта шабылды.

Дегенмен қайсар қыздың қимыл-қозғалысының шектелуіне қарамастан, өзін-өзі дамытып, алға ұмтылуы айналасындағыларды таң қалдырғаны сөзсіз. Өз бизнесін жолға қою жолында бар қиындықтармен күресе білген Айшолпан мақсатына біртіндеп қадам басып келеді. Бүгінде ол үйден маникюр қызметіне тапсырыс алып, түрлі тәтті тағамдар пісіреді және инватаксиде диспетчер жұмысын атқару секілді үш бірдей жұмыс жасауда.

- Жас кезімнен мүгедек арбасына таңылғанымды мойындау маған қиынға соқты. Мүгедек атанған сәттегі ішкі күйзелісімді сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Ол уақытта арманыма жететін мүмкіндік жабылды деп те ойлағанмын. Бірақ өмір сүруді жалғастырып, барлығын қайта үйренуге тура келді,-дейді Айшолпан Қайдулова.

Әрине дені сау адамға қарағанда мүгедек арбасындағы азаматтарға өз идеясын жүзеге асыру әлдеқайда қиынға түседі және қолдауды қажет етеді. Айшолпанның барлық идеялары мен бастамаларын отбасы мен туғандары демеп, оған қамқорлық көрсетті.

- Мен түрлі тәтті тағамдар пісіруді ұнатамын, алайда студент кезімде сүйікті ісіммен айналысуға уақыт болмайтын,-дейді Айшолпан. Сондықтан, мен өз бизнесімді ашамын деген сәтте бірінші ойым үйден тәттілер мен тағамдар дайындау болды. Барлық шығындар мен тәуекелдерді есептеген соң, іске кірістім. Қосымша инвоатаксиге жұмысқа кіріп, маникюр бойынша курс оқыдым. Менің қызметімді пайдаланатын тұрақты клиенттерім жетерлік және маған сеніп, қолдау көрсеткен тұтынушыларыма алғысым шексіз.

Әрбір қиындықтың соңында бір мүмкіндік туады деген сөз бекер айтылмаған. Тағдардың қиын соққысына жолыққан нәзік, әрі жігерлі жан Айшолпан бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

-Бір мезетте үлкен табысқа жеттім деп айта алмаймын, себебі күн сайын тәжірибе аздығынан әртүрлі кедергілерге кезігем. Бірақ арманға бастайтын жол жеңіл болмайды, табысқа жету үшін біздің ішкі күшімізді тежейтін теріс ойлар мен шектелмелі ұғымдардан арылуымыз қажет. Айналамдағы адамдардың қолдауын үнемі сезініп жүремін. Маған үлкен қолдау көрсеткен адамдардың бірі табысты кәсіпкер Айнұр Бермағанбетова. Ол маған бизнесіме қажетті құрал-жабдықтар алуға жәрдемдесті. Мені сол кәсіпкермен «Даму» Қорының өкілдері несие алу жөнінде кеңеске барғанымда таныстырды. Кәсібіме шағын несие алсам деген ойым болды, алайда «Даму» Қорының қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Даму-Көмек» бғдарламасына өтініш беруді ұсынды. Бір айдан соң маған көмек беруге келіскен демеушінің табылғанын хабарлады. «Даму» Қоры мен Айнұр Бермағанбетоваға берген көмектері үшін алғыс айтамын. Ендігі жоспарым «Жұлдыздарға қара» байқауына қатысып, бизнесімді дамыту жобасына грант ұтып алсам деймін.

Айшолпан жеткен жетістіктермен тоқтап қалмақ емес — оның басты жоспары бизнесін кеңейтіп, мүгедектерге жұмыс орындарын ашу болып табылады. Өз тарапымыздан еңбекқор әрі жігерлі бойжеткенге үлкен табыстар мен сәттілік тілейміз.