Қаратау қаласының тұрғыны Байжанов Нұрбол кәсіпкерлікті 2009 жылы бөлшек сауда нарығында бастады. Ал 2011 жылы кәсіпкер өз бағытын түбегейлі өзгертіп, тапсырыс бойынша жиһаз жасайтын шағын кәсіпорын ашады. Осы сәттен бастап «Байжанов Нұрбол» ЖК жетістік жолы басталды.
Нұржан бірнеше жыл бойы клиенттер қатарын көбейтіп, шағын кәсіпорынының жиһаз түрін арттырып, айналым қаражатын ұлғайтты. Кәсіпкер алғашында өз қызметін жалға алынған жертөледе бастап, цехта жаңа жұмыс орындарын ашқан болатын. Бүгінгі күні оның қарамағында 5 адам еңбек етеді. Шағын ғана ұжым ас үй жиһазын, қабырғалар, үстел, орындық, ас үй бұрыштары, шифонер және басқа да жиһаздарды тапсырыс бойынша дайындайды.
Көп ұзамай, жеке кәсіпкер жұмсақ жиһаз өндіріс цехын іске қосып, жалға алынған үй-жайда емес, жаңа салынған ғимаратта, қосымша тағы бес жұмыс орнын ашып, бизнесін әрі қарай кеңейтуді ойлай бастады.
Екінші цехты ашу туралы ой кездейсоқ келген жоқ. Қала тұрғындарының жұмсақ жиһазға деген тұрақты сұранысы - бизнесті кеңейту және оның жаңа деңгейге көтерілуіне себепкер болды. Алайда, қажетті жабдықтың болмауы ойлаған істі жүзеге асыруға қол байлау еді. Мұнымен қатар, кәсіпкер Қаратау нарығын зерттей келе, елді-мекенде сапалы жиһаз өндірушілердің жоқтығын анықтады. Ал өңір халқы дайын жиһазды Тараз қаласының ірі дүкендерінен сатып алуға мәжбүр. Айта кетерлігі, Қаратау қаласынның жиһаз өндірушілерінің басым бөлігі, облыс орталығындағы көтерме жеткізушілерге шикізатты өз бетінше тасымалдайды. Бұл – өнімнің құнына әсер етеді. Осылайша Байжанов Нұрболдың жоспарының жүзеге асуы өзінің өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, елді-мекен тұрғындарының қажеттілігін де қанағаттандыра алатын еді.
Сонымен, кәсіпкер 2016 жылдың желтоқсан айында, салынған дүкен ғимаратына өңдеу жұмыстарын аяқтап, онда өз жиһаздарының көрме залын ұйымдастырып, ламинат дүкенін, жұмсақ жиһаз өндіру цехын, және сатып алушылардың сұранысы бойынша форматтық-станоктарда тапсырыс орындау мақсатында банктен несие алуға жүгінді. 13 млн теңге көлеміндегі қаражат «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы берілді. «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде субсидияланып, нәтижесінде несиенің тек 9% ғана төлейтін болды, қалған 10% үстемақысын қайтарымсыз негізде мемлекет өтеп береді. Оған қоса қажет сомаға кепілдік жеткіліксіз болғандықтан «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың Бірыңғай бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде 50% кепілдік те берілді.