2017 жыл басынан Қызылорда облысында 10 кәсіпкердің жобасы «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында кешенді қолдау алды. Металлургия өнеркәсібі, киім және тамақ өнімдерін өндіру салаларында қызмет көрсететін кәсіпорындар екінші деңгейлі банктерден несие алып,оның пайыздық үстемесін 7-ден 10%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік алды.
Кәсіпкерлердің 70%-ы кепілзат жетіспеушілігінен туындаған мәселесін жартылай кепілдендіру құралының көмегімен шешіп отыр. Екінші деңгейлі банктерден қаражат тартуға қажетті кепілдемені кәсіпкерлерге «Даму» Қоры ұсынды.
Жеке кәсіпкер Жандос Жәркеев «Даму» Қорының субсидия және жартылай кепілдендіру секілді қаржы құралдарының көмегімен өз бизнесін дамытуға мүмкіндік алды. Көп жылдан бері типографиялық және полиграфиялық өнім өндіру саласында бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің басты мақсаты, жалға алынған ғимаратта орналасқан цехын кеңейту болған. Мемлекет қолдауы нәтижесінде «Forte Bank» АҚ-нан рәсімдеген несиеге жеке кәсіпкер Жандос Жәркеев арнайы жабдықталған ғимарат алып,өз бизнесін ұлғайтуға мүмкіндік алды.
Қармақшы ауданының кәсіпкері Бахыткүл Бексеитова «Даму» Қорының 50% кепілдемесімен «Сбербанк» АҚ ЕБ-нен 20 млн.теңге көлемінде несие рәсімдеп, айналым қаражатын толықтырды. «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жеке кәсіпкердің несиесі мемлекет тарапынан субсидияланып отыр. Нәтижесінде несиенің пайыздық үстемесі 5 %-ға дейін төмендетілді. Бахыткүл Бексеитованың айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау арқасында ол кәсібін дамытып, кеңейтуге шексіз мүмкіндік алып отыр.