Қызылордалық кәсіпкер өзі шығаратын өнімнің шикізатын өндіруді де қолға алды

Жаңалықтар
21.09.2018

«Полимер Продукт» ЖШС стартап-компаниясының өнімі Қызылорда облысы нарығында жақында ғана пайда болды. Кәсіпорын ресми түрде 2015 жылы тіркелді. Ол полипропилен қаптарды өндіретін және оны бүкіл Қазақстан бойынша сататын облыстағы жалғыз кәсіпорын.

         Бүгінгі таңда полипропилен қаптарды өндіру пайдалы бизнес түрлерінің бірі. Мұндай қаптар берік полипропилен жіптерден тігіледі және ауылшаруашылығы, азық-түлік, құрылыс салаларында сусымалы материалдарды тасымалдауда және қаптауда қолданылады. Матасына байланысты қант, ұн, астық, жарма, құрама жем, түрлі тыңайтқыштар, сондай-ақ, құрғақ құрылыс қоспаларға арналған түрлері бар.

         Компанияның негізін қалаушы, әрі директоры «Полимер Продукт» ЖШС желісін 2016 жылғы қыркүйек айында іске қосты. Жаңа бағытты бұл бизнесті бастар алдында, ол бейнебақылау камераларын, аудио-видео домофондарды сату және орнату бойынша кәсіппен айналысқан.

         Жабдықтарды монтаждау, іске қосуды Қытай инженерлері жүзеге асырды. Жұмысшыларды 3 ай солар оқытты. Желіні іске қосқаннан кейін шикізат сатып алу қажеттігі туындады. Осыған байланысты, кәсіпорын 2017 жылы айналым қаражатын алу үшін «Цесна банк» АҚ-на жүгініп, 60 млн теңге көлемінде несие алды. Берілген несие бойынша мөлшерлеме 17 пайызды құрады. Оның 7 пайызы «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында мемлекетпен қайтарымсыз негізде субсидияланған. «Даму» қоры несиенің 27 млн теңгесіне кепілдік берді.

         Дегенмен, нағыз бизнесмен үнемі кәсібін жетілдіру үстінде болады. Өндіріс процессінде, бизнесті жүргізуде жаңа идеялар туындайтыны белгілі және бұл идеяларды «Даму» Қоры әрқашан қолдауға дайын.     

         Кәсіпкер өндіріске кететін шығындарды азайту үшін шикізаты (полипропилен гранулалар) өзі шығармақ болды. Аталған идеяны іске асыру үшін полипропилен гранулаларды шығаратын қосымша желіні (жабдықты) сатып алу керек болды. Шикізат өнімін сырттан алмай, өзі шығарса шығындар 46 пайызға төмендейді.

         Осыған байланысты, 2018 жылы кәсіпкер «Цеснабанк» АҚ арқылы 14 пайызбен 50 млн теңге көлемінде несие алды. «Даму» қоры банк алдында кепілмен 25 млн теңгеге кепілдік берді. «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 5 пайызы субсидияланды.

         Қазір «Полимер Продукт» ЖШС аймақтағы қарқынды дамып келе жатқан компаниялардың бірі. «Полимер Продукт» ЖШС импорттық тауарларды ығыстырып, отандық өнімнің қолданылу аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Компанияның тарихы идеяны іске асыруда нөлден бастап Қызылорда облысының экономикалық дамуына өзіндік үлес қосатын белсенді кәсіпорынға дейін жеткізудің көрінісі болып табылады.