«ArInvest» ЖШС - полиэтилен мен пенополиуретаннан құбыр және оған қажет бөліктерді шығаратын заманауи жоғары технологиялы кәсіпорын. Өнім сапасы жоғары, бұл жағынан елдегі көшбасшы кәсіпорындар қатарында тұр. Қазір олардың құбырлары тек Павлодар ғана емес, «Хан Шатыр» мен «ЭКСПО-2017» секілді Қазақстанның барлық өңірлеріндегі құрылыс нысандарында, құбыр төсеу ісінде қолданылып келеді.
«Бұрынғы ескі технология бойынша шығарылып, төселген құбырлар тек 10-15 жыл ғана қызмет ететін. Ал біз шығаратын пластик құбырлар жер астында 50 жылдан астам уақыт жата беретін қорғаныш қабатын түзеді»,-дейді кәсіпорын басшысы С. Рамазанов.
Сонымен қатар кәсіпорын қашықтан жедел бақылау жүйесін жеткізумен де айналысады. Егер апат жағдайында қабықша жарылатын болса жер асты сулары құбырға өтіп, желілер қысқа тұйықталып, оператордың пультіне қай жерде құбыр жарылғаны жөнінде ақпарат түседі. Бұл жүйе жарылған жерді екі метрге дейін дәлдікте көрсетеді.
Орта есеппен, бір ай ішінде зауыт 15 шақырым құбыр мен 1,5 мың қосалқы бөліктер шығара алады. «ArInvest» ЖШС Астана мен Қарағандыдағы кәсіпорындарды қосқанда осындай өнім шығарушылардың үздік үштігіне кіреді.
Жақында кәсіпорын «Даму» Қорының көмегімен өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпорындарды қолдау бағдарламасы аясында екі жаңа құралға қол жеткізді. 6%-дық несиені «ЦентрКредитБанк» мақұлдады.
«Бұл станок МемСТ бойынша диаметрі 32 ден 1200 миллиметрге дейін құбыр шығарып, құрыш қабат кигізуге мүмкіндік береді. Бағдарлама бойынша алған екінші құрылғы - дәнекерлеуге арналған құбыр айналдырғыш», - дейді компания директоры С.Рамазанов.