Денсаулық сақтау жүйесінің дамуы – Қазақстандағы басты басымдықтардың бірі. Бұл жүйе ел экономикасының барлық салаларына әсер етіп, адами әлеуеттің дамуына бағыт береді.
«Қазақстан халық банкі» АҚ Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы филиалы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесін қолдану арқылы «Қарағанды қаласының №8 емханасы» ЖШС жобасына қолдау көрсетті.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – әлеуметтік маңызы бар міндеттерді мемлекет пен жеке меншік сектор арасындағы өзара тиімді шарт бойынша шешетін ынтымақтастық формасы. Мемлекет үшін бұл заманауи және оңтайлы инфрақұрылым жасауға инвестиция тарту, нәтижесінде нысанды пайдаланудағы тікелей шығындарды азайту, тәуекелдер мен жоба бойынша шығындарды жеке әріптеспен бөлісу, нысанды тиімді басқару. Тұрғындар сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізеді, ал жекеменшік сектор тұрақты және ұзақ мерзімді кәсіпке ие болады.
Осы жағдайда кәсіпкер «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында пайыздық үстеменің 40%-ын төмендете алады.
Жоба бойынша Қарағанды қаласындағы бір ауысымда 150 адам қабылдай алатын емхананың әкімшілік–тұрмыстық ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жоғары сапалы медициналық көмек көрсету үшін ең соңғы үлгідегі құрылғы алу көзделген.