28.11.2018
«The Sultans» ұлттық тағамдар мейрамханасы
Бизнестің майталман мамандары әйел заты мен ерлердің айналысатын бизнес түрі арасында жер мен көктей айырма болады дейді. Астаналық кәсіпкер Гүлмира Шажанбаеваның ісі де осыған дәлел. Кәсіпкер ханым елорда төрінен қазақтың ұлттық тағамдарын дайындайтын «The Sultans» атты мейрамхана ашқан.
-
Кәсібіңізді қалай бастағаныңыз туралы айтып беріңізші.
- Мен бесінші сыныптан бастап заңгер болуды армандадым. Өз атам да нағашы атам да би болған екен. Олардың дауды қалай әділ де шебер шеше білгені жайлы әңгімелерді бала кезімнен естіп өстім.
1990 жылы Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне түстім. Бұл - өте қиын кезең еді. Жұмыс жоқ, азық-түлік, киім-кешек қат. Әкем І топ мүгедегі, жұмыс істемегеніне 9 жыл болған. Анам тігіншілікті тастап біздің қарнымыз тоқ, өзі үйге жақын болу үшін азық-түлік дүкеніне еден жуушы болып жұмысқа кірді. Бұл кезеңде маған отбасым материалдық жағынан қолдау көрсете алмағанмен, ата-анамнан мыхты рух, моральдік және психологиялық қолдау алып, тіршілік үшін, мықты маман болу үшін тырмысып еңбек ету керектігін үйрендім. Ата-анам екі баласына қатты сеніп, үлкен үміт артты. Сол себепті мен 2-курстан соң сырттай оқуға ауысып, мамандығым бойынша кеңесші болып жұмысқа тұрдым. Одан соң бірнеше жыл банк жүйесінде еңбек еттім. 1997 жылы жұбайым екеуміз жаңа астанаға көштік. 11 жыл бойы «GRATA» заң фирмасының Астанадағы кеңсесін басқардым. Бұған қосымша, жер асты байлығын игеру саласында адвокат болып қызмет еттім. 2009 жылы інім Жеңіспен бірге «Самғау Консалтинг» заң компаниясын құрдық.
- Ал мейрамхана саласына қалай ойыстыңыз?
- Бала кезімде мен әжемді сиқыршы екен деп ойлайтынмын. Өйткені ол кісінің қолынан шыққан тағамдар көздің жауын алатын еді. Кейбір тағамдарды жерошаққа, кейбірін балшыққа орап, отқа көміп пісіретін. Біз әжемізбен бірге бөрек бүгіп, шұжық айналдырып, ішек өріп, нан ашытып, табаға жауып, май шайқап, құрт жасайтынбыз.
Бұл біз үшін өте қызық еді. Қымыздың түр-түрін, баптау әдістерін білетінмін. Айран ұйытып, дәмі ауыздан кетпестей етіп ет асып, қамыр жаятынмын. 2013 жылы КазМЗУ-дағы МВА мен Швейцария бизнес пен басқару университетінің UBIS бағдарламасы бойынша екі дипломдық оқуына кірістім. Оқу барысында біз өз жобамызды дайындадық. Қандай жобаны қолға алсам деп ойлана келе әжемнен үйренген ісім есіме түсіп, мейрамхананы таңдадым.
Мен көшпенділер өмірінен хабар беретін қазақтың ұлттық тағамдары мейрамханасын ашқым келді. Ата-бабамыздан келе жатқан ас пісіру өнерін жалғап, әжемнен алған тәлімімді іс жүзінде жүзеге асырып, ғасырдан ғасырға жеткен ұлттық асхана өнерін паш еткім келді». Менің ерекше жобам - «The Sultans» атты қазақтың ұлттық тағамдары мейрамханасы осылай дүниеге келді. Ас мәзіріне әжемнен үйренген тағам түрлерін қостым. Мұнымен қатар ұмытылып бара жатқан ас түрлерін Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті жақын шет елдерден іздеп, тауып дайындауға кірістім.
- Жобаңызды жүзеге асыру барысында қандай қиындықтар болды?
- 2015 жылы мен жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ғимарат алдым, ал бір айдан кейін девальвация болды. Құрал-жабдықтар, шырағдандар, жиһаз секілді дүниелерді түгел шет елден евро мен долларға алу үшін шарт жасасып қойғанбыз.
Ал төлер кезде шарттағы баға екі есеге қымбаттап шыға келді. Есептей келе, салған ақшам жеткіліксіз, шегінерге жол жоқ екенін түсіндім. Мен қатты шошыдым. Қалай безектегенімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Алдымен екінші деңгейлі банктерді жағалай бастадым. Бірақ олардың пайыздық мөлшерлемелері ісін жаңа бастаған кәсіпкер үшін қалта көтерерлік емес еді.
Бірақ менің жолым болды. Маған «Даму» Қоры қолдау көрсетті. Талаптары өте ыңғайлы еді. Қарыз жылына 7,6%-бен берілді. 200 млн теңгеге дейінгі қаржыға негізгі қарызды өтеу үшін 18 ай жеңілдікті мерзім беріледі. Теңгелей, 7 жылға. Осылайша, маған жетпей тұрған 50 млн теңгеге қол жеткіздім. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттен көмекті өте жоғары деңгейде алдым. Әлі күнге дейін осы бағдарламаға алғыс айтам.
Ашылған соң бір жылдан кейін «The Sultans» мейрамханасына Recommended by Expo мен Астананың алтын әріптесі деген мәртебе берілді. 3 жылға жетер жетпес уақыт ішінде «The Sultans» Қазақстан Республикасының орталық органдарынан түрлі мақтау қағаздары мен алғыс хаттарға ие болып үлгерді.
Сайт:
http://www.thesultans.kz/
Эл. адрес:
info@thesultans.com
Instagram: @the_sultans_ast Facebook:
https://www.facebook.com/www.thesultans.kz/
Мекенжай: Астана қаласы, Мәңгілік Ел 28
Тел.: +7 7172 259595, +7 747 2259595