«Stаrtup «Bolashak» байқауының жеңімпазы су шаруашылығымен айналысып жатыр

Жаңалықтар
21.04.2017

«Stаrtup «Bolashak» байқауы екі жылдан бері «Болашақ» Қауымдастығы және «Даму» Қорының қолдауымен іске асып келеді. Осы екі жыл бойы Алматы облысының жас кәсіпкерлері жеңімпаз болып келеді. Облыс тұрғыны Назым Мұсабекова былтырғы байқауда жеңімпаз атанып, Алматы облысы, Ақсу ауданындағы кеуіп бара жатқан Үшкөлге жан бітіру жобасын ұсынған болатын.

Идея өте тиімді. Себебі жағдай осылай жалғаса берер болса Үшкөл жақын уақытта кеуіп, жойылып кетеді. Ал Назым ол көлде балық өсіріп, табыс тауып қана қоймай, көлдің екінші тынысын ашып, қоршаған ортаға пайдасын да тигізбек. Яғни Назымның идеясы әлеуметтік және экологиялық пайбасы бар жоба. Ол өзен арнасын тазартып, айналада мал шаруашылығына да ыңғайлы жағдай туғызып, ауданда жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр.

Жобаның өміршендігін бағалау үшін «Балық шаруашылығы Қазақ ғылыми-зерттеу институты» ЖШС мамандары шақыртылып, зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде көл суы балық өндіруге жарамды екені расталды.

«Байқау туралы мен «Даму» қорының КҚКО мамандарынан естідім. Қатысуға ниет білдіріп, мамандар тарапыннан толық кеңес алдым. Республика бойынша 2 752 қатысушының ішінде жүлделі бірінші орынға ие болдым. Байқаудың өзі керемет өтті. Себебі финал реалити-шоу түрінде өтті»,-дейді Назым.

Жеңіп алған 12 млн теңгенің 9 млн теңгесі мақсатты бағытта игерілуде. Құрылыс қарқыны кестеге сәйкес жүргізілуде, көлге су жіберіліп, шабақтардың алғашқы легі суға жіберілді. Жуырда кәсіпкер балықшыларға арналған демалыс орындарын салып, балық өндейтін цех ашуды жоспарлап отыр.