Макинск қаласында кәсіпкер Маржан Қазбекқызы ашқан наубайхананы жергілікті тұрғындардың бәрі біледі, жиі келеді. Мұнда олар аса қымбат емес, дәмді, пештен жаңа шыққан нан сатып алады. Күнделікті дастарханға қойылатын бұл өнім фирмалық дүкен сөресінде ешқашан ұзақ жатпайды. Жұрт жапатармағай талап әкетеді. Дегенмен, бастапқы кезде тек нан пісіретіндіктен, тауар түрінің алуандығымен мақтана алмайтын.
Маржан Қазбекқызы ол кезде көне жабдықтар мен электр энергиясының қымбаттығы наубайхана ісінің дамуына айтарлықтай кедергі келтіргенін еске алады. Бірақ ассортиментті кеңейту, өнімді әртараптандыру идеясы оның басынан кетпеді. Оның үстіне жергілікті тұрғындар да тәтті тоқаш, түрлі кондитерлік өнімдермен шай ішкісі келетінін жиі айтатын. Себебі бұл наубайхана өнімінің сапасы өте жақсы болды.
Наубайхана жабдықтарын жаңғырту үшін ЖК «М.К. Шарипова» «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын пайдаланды. Банктен алған несиені Италияда жасалған пеш, қамыр илегіш секілді бірқатар жабдықтарды сатып алуға жұмсады. «Даму» Қоры бағдарлама аясында қарыз жүгін жеңілдетіп, субсидиялап, кепілдік берді.
2022 жылы кәсіпкер «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық банкінен» несие алды. Кәсіпкер қарызын 6%-бен төлейді, айырмасын «Даму» Қоры субсидиялайды. Бұл қаражатқа ЖК «М. К. Шарипова» жаңа пештер сатып алды. Соның арқасында өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туды.
Нәтижесінде көп ұзамай Бұланды ауданы мен көрші аудандардың дүкен сөрелерінде «Шарипова М.К.» ЖК белгісімен жаңа нан өнімдерінің алуан түрі пайда болды.
Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Макинск қаласы, Панфилов көшесі 57
+7 701 597 05 14