Бизнестің жаңа саласын меңгеру

Жаңалықтар
20.08.2024

«NURTAU Distribution Company» ЖШС жұмысы 2016 жылы импорт жуғыш және жеке күтім құралдарын сатудан басталған.

2018 жылы компания құрылтайшыларына сауда-саттық ғана емес, тауар өндіруге де қабілеттіміз деген ой келді. Бір жыл бойы Абай Мырзаев белсенді түрде ақпарат іздеп, оң-терісін саралап, мүмкіндіктерін бағамдады.

Ал 2019 жылы компания «Даму» Қорына сұлы шоколады мен сағыз шығаратын кондитерлік фабрика салу жобасымен жүгінді.

Кондитер фабрикасы жылына 120-дан 140 тоннаға дейін тәтті, 120 тонна сағыз шығарады. Дайын өнім Шымкент, Түркістан облысына ғана емес, бүкіл республикаға сатылуда, сондай-ақ Ресейге де экспортталады. Кәсіпкердің нарықты зерттеп, импорт өнімді сатумен өткізген күндері бекер емес еді. Қазір бұл тәжірибенің барлығын өз тауарларын сату үшін пайдалануда және кәсіпорынның табысты болуына зор септігін тигізіп жатыр.

Ал 2020 жылы компания нарықты зерттей келе, кәсібін кеңейтіп, тұрмыстық химия өнімдерін, соның ішінде кір жуғыш ұнтақ, сұйық ұнтақ және ыдыс жууға арналған гель өндірісін ашуды ұйғарады. Ол үшін Абай банктен несие алып, Шымкент қаласы, Тассай тұрғын алабында үш қабатты тұрғын емес ғимараттың құрылысын бастап, 2023 жылы аяқтады. Ғимараттың жалпы ауданы 16 000 ш.м. құрайды.

«Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында кәсіпорын 2023 жылы «Forte Bank»-тен тұрмыстық химия өнімдерін өндіруге арналған құрал-жабдықтар сатып алу және айналым қаражатын толтыру мақсатында 20,50%-бен несие алды, оның 12,25%-ын «Даму» қоры субсидиялайды.

Қазір кәсіпорын жергілікті тұрғындарға жұмыс орындарын ашып қана қоймай, оларды оқыту мен дамытуға белсенді атсалысуда. Бұл тәсіл жергілікті экономиканы нығайтуға және жұмысшылардың біліктілігін арттыруға көмектеседі.

Шымкент қ., «Тассай» тұрғын алабы, «Тассай» и/а, 117/2 ғимарат.

Телефон: +7 777 106 66 62, +7 700 106 66 62

www.ndc.kz