Шымкент қаласында «Standard Steel KZ» ЖШС түсті металл концентратын шығаратын қорғасын өндірісінің қалдықтарын өңдейтін зауыт ресми түрде іске қосылды. Ашылу салтанатына ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Бұл өндіріс тек қала экономикасы үшін маңызды қадам ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау бағытында жасалған ауқымды қадам деп саналады.
Зауыттың іске қосылуы өнеркәсіптік сектордың экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған стратегиялық қадам болып табылады. Өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаға зиянды әсерлерді азайтуға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, жаңа кәсіпорын қала экономикасының дамуына және өнеркәсіптік инфрақұрылымның жақсаруына елеулі әсер етеді.
Инвестиция көлемі 13 миллиард теңгеден асатын бұл жоба 300-ге жуық жұмыс орны ашты, бұл қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Зауыттың бірінші кезеңінің іске қосылуы барысында жылына 4600 тоннадан астам мыс-күміс концентраты өндірілгені белгілі. Ал қондырғылардың толық қуаттылыққа жетуі кәсіпорынға өндіріс көлемін ұлғайтып, қосымша жыл сайын 20 мың тоннадан астам мырыш оксидін шығаруға мүмкіндік береді.
Бұл өндіріс жобасының тағы бір маңызды тұсы – оның «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуы. Кәсіпорын 2021 жылы «Bereke Bank» АҚ-тан инвестициялық мақсатында 14%-бен несие алды, оның 8%-ын «Даму» қоры тарапынан субсидиялауда.
Жалпы, экологиялық таза өндірістің артықшылықтары айқын: өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу, қоршаған ортаға тигізетін зиянды азайту және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану.
Мекенжайы: Шымкент қаласы, Төле би көшесі, 25.
Телефон: +7 (7252) 55‒13‒14