menu
Жабу

Кеңес ал!

Бейнеулік кәсіпкер «Даму» Қорынан қолдау алып, супермаркет салды

Жаңалықтар
06.03.2025

Балшықбаев Бисенғали кәсіпкерлік жолын 2015 жылы азық-түлік сатудан бастады. Алғашқы қадамы шағын дүкен ашу болғанымен, сауда нүктелерін көбейтіп, аудан тұрғындарын сапалы өнімдермен қамтамасыз етуді мақсат етті.

2015-2018 жылдар аралығында жаңа дүкендер ашылып, бизнес біртіндеп дами бастады. Әрине, қиындықсыз болмады. Қаржы қажет болғанда кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қолдаумен несие алып бизнеске жаңа серпін берді. Кәсіпкер үшін ерекше оқиға – 2021 жылдың 2 қыркүйегінде алғашқы супермаркеттің ашылуы болды. Осы уақытқа дейін ол нарықты, аудан тұрғындарының қажеттіліктерін мұқият зерттеп, микроcегменттеу әдісі арқылы қолжетімді баға саясатын қалыптастырды. Сауда залын құрастыру кезінде сатып алушылардың жайлылығына ерекше көңіл бөлді: кең әрі жарық ғимарат, бөлімдердің нақты бөлінуі, көрсеткіштер мен навигация – мұның барлығы тауарларды таңдауға ыңғайлы жағдай жасады.

Балшықбаев Бисенғалиге ең үлкен қолдау көрсеткен – ата-анасының сенімі мен көмегі. Өз командасын жақын адамдарынан бастап жинақтап, кейін жауапкершілігі жоғары, ұқыпты, еңбекқор, орта және жоғары білімі бар қызметкерлерді жұмысқа қабылдады. Бүгінде ұжымда шамамен 100 адам жұмыс істейді. Дәл осы ұйымшылдық, еңбекқорлық және ортақ іске деген адалдық – компания табысының кепілі. Технологиядан қалыспай, жұмыста жаңашылдықтарды енгізуде. Клиенттер үшін қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға арналған POS-терминалдар, банкоматтар орнатылған. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының уақытын және қаражатын үнемдеуге мүмкіндік беретін мобильді қосымша арқылы онлайн-супермаркет жобасы іске қосылды.

2021 жылы кәсіпкер өз қызметін кеңейту мақсатында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы несиеге жабдықтар сатып алып, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында мемлекеттік қолдау алды. Бұл пайыздық мөлшерлемені 10%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беріп, бизнестің тұрақты дамуына және өнім сапасын одан әрі жақсартуға ықпал етті.

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу ауылы, Б. Майлин көшесі 3А

Байланыс телефоны: +7771 141 00 41

Instagram: salem_market_beyneu