Кеңес ал!
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Өзханмен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар ынтымақтастық келешегі мен бағыттарын талқылады.
Фархат Сәрсекеев 2025 жылға арналған жоспарлары туралы айта келіп, «Даму» Қорының негізгі бастамаларын ұсынды. Атап айтқанда, ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Даму» Қоры жанынан «Кепілдік қорын» құруға дайындық туралы, сондай-ақ қаржы институттарын қолдау арқылы шағын және орта бизнесті лизингпен қамтуды дамыту ниеті туралы хабарлады. Сонымен қатар, секьюритилендіру құралы арқылы қаржы тарту жоспары да талқыланды.
«Біз «жасыл» жобаларға инвестиция тартуға, әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамытуға ерекше назар аудара отырып, Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдау үшін ынтымақтастықтың түрлі формаларын талқылауға дайынбыз», - деп атап өтті Фархат Сәрсекеев.
Өз кезегінде Хусейн Өзхан «Бәйтерек» холдингі және «Даму Қорымен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдірді. ЕҚДБ өкілдері «Кепілдік қорының» механизмдеріне қызығушылық танытты. Бұдан басқа, «Даму» Қорының кең таралған өңірлік желілерін ескере отырып, Хусейн Өзхан Қазақстанның түкпір-түкпірінде шағын және орта бизнеске арналған оқу бағдарламаларын ұйымдастыруға, сондай-ақ кәсіпкерлер арасында қаржылық сауатты арттыру мәселелеріне қолдау көрсетуді сұрады.
Кездесу соңында тараптар осы бағыттардағы ынтымақтастықты жалғастыруға және белгіленген жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыс істеуге келісті.