Кеңес ал!
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры дәстүрлі қайырымдылық көмек көрсету шарасы аясында арнайы білім беруді қажет ететін ерекше жасөспірімдерді оқытуды көздейтін әлеуметтік жобаға қолдау көрсетті. Ол бойынша балалар нарықта сұраныс жоғары мамандықтарды игереді.
2024 жылы «Болашақ» корпоративтік қоры аутизм, Даун синдромы бар және басқа да ерекше жасөспірімдерге тігін өндірісі, аспаздық және сән-қолданба өнер сияқты сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын игеруге мүмкіндік беретін «Оқу-өндірістік комбинаттар» пилоттық жобасын іске қосты. Бұл жоба жасөспірімдерді оқытып қана қоймай, қоғамға одан әрі етене араласып кетуге мүмкіндік береді.
Бірінші кезеңде 34 жасөспірім арнайы курсты тәмамдады. Жобаның арқасында 10 оқушы қоғамдық тамақтану орындарына ақылы тағылымдамадан өтте алды. Оқу-өндірістік комбинаттың 8 түлегі арнайы топтарда кәсіби оқуын жалғастыра отырып, колледжге «кондитер» және «тігінші» мамандығы бойынша түсті.
Бастаманы қолдау және пилоттық жобаны жалғастыру үшін «Даму» Қоры Астанадағы қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің базасында оқудың екінші кезеңін іске қосуға 5 000 000 теңге бөлді. Бұл қаражат тамақ өнімдері, әдістемелік материалдар сатып алу мен оқытушылардың еңбекақысын төлеу сияқты оқу процесіне жұмсалды.
«Даму» Қорының қолдауымен жобаның екінші кезеңі 2024 жылдың қараша айында басталды. Оқуды «тігін өндірісі», «наубайшы» және «кондитер» мамандықтары бойынша 30 бала жалғастырды.
Бұл жобаны қолдау ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдердің ортаға бейімделуі ғана емес, сонымен қатар сұранысқа ие мамандық алып, жұмысқа орналасуына да мүмкіндік беріп, олардың талантын ашуға көмектесетін инклюзив орта құрудағы маңызды қадам болмақ.
Бір айта кетерлігі, «Даму» қорының демеушілік және қайырымдылық көмек көрсету ережелерінде қайырымдылық көмек көрсетуге қатысты басым бағыттар анық көрсетілген.