menu
Жабу

Кеңес ал!

Идеясын болашақтың инфрақұрылымына айналдырған кәсіпкер

Жаңалықтар
15.04.2025

Асылан Серікұлы – туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен табандылығының арқасында бизнесін дөңгелеткен, болашағынан зор үміт күттіретін жас кәсіпкер. Ол – арманын мақсатқа, ал идеясын нақты нәтижеге айналдыра білген тұлға.

Ұлытау облысы, Жезді кентінде дүниеге келген Асылан 2019 жылы Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде «әлеуметтік-мәдени сервис» мамандығы бойынша білім алып, бірден еңбек жолын бастайды. Жас маман алғашқы кәсіби жобасын Қарағанды қаласында жүзеге асырып, жарнама баннерлерін қайта өңдеп, құрылысқа қажетті қапшықтар мен чехолдар өндіретін экологиялық стартап ашады. Идея тың болғанымен, нарықтағы сұраныстың төмендігі жобаның ұзақ мерзімді дамуына кедергі келтіреді. Дегенмен, бұл бастама оған тәжірибе мен жігер сыйлады: ол Қарағанды қаласы әкімінің «НұрҚадам» жастар сыйлығына ие болды.

2020 жылы Асылан Алматыға оралып, инвесторлармен бірге елімізде баламасы жоқ музыкалық кеңістік — «Yesterday» музыкалық орталығын ашады. Бұл жерде музыкалық аспаптар дүкені мен оқыту үйірмесі бір ортада шоғырланған. Орталықта үш жыл бойы еңбек етіп, атқарушы директордан басқарушыға дейінгі жолды өткерген Асылан басқару ісіне деген қызығушылығын терең түсінеді.

Дәл осы тәжірибе оған кәсібін кеңейту үшін экономикалық білімнің маңызын ұқтырды. Сол себепті 2024 жылы Алматы гуманитарлық университетінде «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдап, теориялық білімін нақты тәжірибемен ұштастырады.

Бүгінде Асылан Алматы облысында заманауи стационарлық бетон зауытын дамытып жатыр. Жобаның басты мақсаты – елімізде қарқынды дамып жатқан құрылыс саласына жоғары сапалы бетонмен тұрақты түрде қызмет ету. Бұл – ұлттық инфрақұрылымның болашағына қосылған салмақты үлес.

Қаржыландыру мәселесі – жобаның ең күрделі кезеңі болды. Бірақ бұл кедергіні «Даму» қорының субсидиялық несиесі шешуге мүмкіндік берді. Яғни 2024 жылы кәсіпкер жабдық сатып алып, инвестиция үшін «Банк Центр Кредит» арқылы 20,25%-бен несие алды. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында «Даму» Қоры бұл несиенің 12,25 пайызын ішінара субсидиялады. Нәтижесінде кәсіпкер қарызын тек 8 пайызбен төлейді. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, зауыт іске қосылды.

Aslan Online ЖШС-на қарасты зауыттың сағаттық қуаттылығы — 50–60 м³. Мұнда B15-тен B30 және одан жоғары маркалы бетон қоспалары өндірілуде. Жабдықтардың заманауи болуы, автоматтандырылған басқару жүйесі мен сапалы шикізат — өнімнің сенімділігін қамтамасыз етеді. Қаржылық талдауға сәйкес, жоба 3–4 жылда өзін толықтай ақтайды. Толық қуатта жұмыс істегенде ай сайынғы табыс 40 млн теңгеге дейін жетеді, ал бесінші жылы таза пайда 89 млн теңгеге дейін өседі.

Бұл жоба — тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар өңірге жаңа жұмыс орындарын әкелетін, экономикалық өсімді қолдайтын нақты өндірістік бастама.

Асыланның басты шабыт көзі — туған топырағынан шыққан ұлы тұлға Қаныш Сәтбаев. Жастайынан оның өмір жолына қызыққан Асылан, сол рухты бойына сіңіріп, ғылымда болмаса да, кәсіпкерлік саласында елге пайдасын тигізуді мақсат еткен.

«Сапа. Сенімділік. Болашақ инфрақұрылымы» — бұл жай ғана ұран емес, Асылан Серікұлының өмірлік ұстанымы мен кәсіби жолының айқын көрінісі. 

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, квартал Карасу, 46/5

Тел.: 8-776-247-00-02

Электрондық пошта: aslankurmash@mail.ru